Қазіргі таңда жоғары технологияға негізделген мамандықтарды меңгерудің маңызы зор - А.Әйтімов
облыстық мәслихаттың депутаты Ақсерік Әйтімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттік мәліметі бойынша еліміздің ақпараттық технологиялар саласына 10 мыңнан астам білікті маман қажет. Және бұл қажеттілік күн санап арта түсуде. Республиканың барлық өңірінде ақпараттық теңсіздікті жою бағытындағы іс-шаралар осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынғаны белгілі. Облыс, қала, аудан әкімдіктерінің, сондай-ақ өзге де мемлекеттік мекемелердің дербес веб-сайттарының ашылуы - «Электрондық үкіметтің» алғашқы қадамдары. Енді ІТ технологияларға қашықтан оқыту порталы іске қосылмақ. Сарапшылардың пайымдауынша, аталмыш портал «Электрондық үкімет» бағдарламасын және ІТ жүйелерін дамытуға жол ашпақ.
Халықаралық мәлімет корпорациясының зерттеулері бойынша Қазақстан ақпараттық технологиялар саласының дамуы жөнінен ТМД елдерінде алда келеді. Бұл күнде мекеме-кәсіпорындағы күнделікті есеп-қисап пен салық төлемдерін айтпағанның өзінде, ақпаратқа сараптама жасау, жаңа бизнес-жобаны дайындап таныстыру және оны жүзеге асыру үрдісінің барлығы да компьютерлік озық бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Ақпараттық технологияның күнделікті тірлігімізге етене енгендігінің жарқын көрінісі - сандық технология мен ғаламторға зәрулік. Ұялы телефоныңызды бір күн үйіңізде ұмыт қалдырып көріңізші, құдды аса маңызды жаңалықтан құр қалғандай дегбірсізденіп, ісіңіз өнбейді. Немесе электрондық жәшікке келіп түскен хат-хабарға көз жүгіртпеген күні тамағыңыз бойыңызға сіңбейді. Бұл - басым көпшілігіміздің басымыздағы жағдай.
Қазақстанда таяу жылдары ғаламтор кеңістігін пайдаланушылар легі бірнеше есе артады. Демек, ақпараттандырудағы жаңашылдықты қарапайым тұтынушыға жіктеп-жіліктеп түсіндіретін замануи білікті ІТ мамандарға қажеттілік те бірнеше есе артады деген сөз. Бүгінде елімізде аталмыш сала мамандарын даярлайтын 60-тан аса жоғары оқу орны бар екен. Солардың бірі - Қазақстандық инновациялық және телекомуникациялық жүйелер университеті. Ақпараттық технологиялар саласына аса қажетті бес бірдей мамандық бойынша маман дайындайтын білім ордасы, әсіресе, ІТ инженер даярлап шығаруға аса мән береді.
Ақпараттық технология қарқынды дамуда дегенімізбен, қазір қазақстандық ІТ нарығы шетелдік өнімдерге толы. Бірінші кезекте өзіміздің бағдарламалық өнімдерімізді өндіруіміз керек. Ол үшін отандық мамандарды мемлекет тарапынан қолдау және олардың ірі компанияларда жұмыс жасауына мүмкіндік туғызу қажет. Екінің бірі компьютердің тілін біледі, әйткенмен, бағдарламаларды құрастырып, орналастырып, дамыта білетін мамандар саусақпен санарлық. Өйткені біз бұл мамандықтың қадірін енді ғана түсініп келеміз. Тіпті көпшілік ІТ маман деген сөздің түп төркінін жете ұғына бермейді. Компьютердің ақауын жөндейтін, дайын бағдарламаларды машинаға орналастыратын техник-маманды бағдарламашы деп қабылдайды. Сондықтан аталмыш салада атқарылар шаруа аз емес.
Азуын айға білеген АҚШ-тың бағдарламашыларын қуып жетпегенмен, компьютердің құлағында ойнайтын талантты жастар елімізде де бар. Отандық мамандар тек кішігірім компанияларда жұмыс істеп, олардың бағдарламалары сол тар шеңберде қалып қоюда, авторлық құқығы қорғалмайды. Яғни ақпараттық технологияның біздің елдегі өріс кеңейту қарқыны бәсең. Мәселен, елімізде электрондық оқулық жасалар болса, жаңашылдық, жинақылық жетіспейді.
«Біз білім беру үрдісінде теорияны тәжірибемен ұштастырып қана қоймай, студенттердің еркін ойлауына және ақпараттық технология саласындағы соңғы стандарттарға сай жұмыстануына жағдай жасаймыз. Батыс өңірде радиотехника, электроника және телекоммунакация мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары тек біздің облыста ғана бар. Сондықтан түрлі конференциялар мен өндірістік тәжірибелерде білімімен көзге түскен студенттер Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Ақсай қалаларындағы шетелдік және отандық компаниялардан жиі шақырту алады. «Еңбекті біліммен ұштастыру» бағдарламасы жасақталып, қазірдің өзінде болашақ мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрген студенттерге қолдау көрсетілуде. Оған сәйкес оқу үлгерімі 4 пен 5-тен кем емес студенттер алдын ала берілген тапсырманы қашықтан оқыту технологиясына сәйкес, дербес сабақ кестесі бойынша жұмыстан бос уақытта тапсырады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын бірінші курсқа қабылданған студенттерге ақпараттық технологияны мектеп бағдарламасына енген информатика негіздерінен бастап қайтадан түсіндіруге тура келсе, қазір жастардың білім сапасы артқаны бірден байқалады. Мектепте компьютермен, интерактивті тақтамен жұмыстанып үйренген жастар ғаламтормен және түрлі ақпараттық бағдарламалармен де таныс. Әйткенмен, ІТ негізі болып саналатын математика мен физика пәндері бойынша білім көрсеткіші әлі де болса төмен. Бірінші курста кейбір студенттер мектеп бағдарламасындағы қарапайым есептерді шығара алмай, қиналып жатады. Сондықтан білікті ІТ маман дайындау ісі мектеп қабырғасынан бастау алуы тиіс.
Анығы, көп ұзамай елімізде ІТ мамандардың жаңа буыны қалыптасады. Оған мүмкіндік те, әлеует те жетеді.
Қасқалдақтың қанындай қат болып тұрған ІТ мамандардың қатары молайса, әсіресе, компьютерді қазақша сөйлететін жастар көбірек болса, ұтарымыз анық.
Қорыта айтқанда, өмірде әр мамандықтың өз орны бар. Дегенмен қазақ жастарының жаңа технологияға негізделген техникалық мамандықтарға көп бара бермеуі бәрімізді ойландыруы тиіс. Елбасымыз биылғы Жолдауында: « Кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономиканың қажеттіліктерімен өзара байланыстырылуы керек», деп атап көрсеткен болатын. Осыған алып-қосарымыз жоқ. Сондықтан жас ұрпақ желаяқ заман ағымынан қалып қоймас үшін ең алдымен жаңа технологияларды меңгеруі қажет дер едім», деп қорытты ойын А.Әйтімов.