Дін істері агенттігі мен оған қарасты ғылыми орталықтар жүйелі негізде діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға сараптама жүргізуді ұйымдастырды. Түрлі мазмұндағы діни әдебиеттер, оның ішінде жиі кездескен экстремистік бағыттағы әдебиеттер Заң қабылданғанға дейін кеңінен таратылған көрінеді.
«Дінтану сараптамасы елімізге экстремистік сипаттағы діни әдебиеттің келіп түсуі үшін тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін тиімді құрал болды. Агенттік қызмет еткен уақыт ішінде 4344 діни кітаптар мен өзге ақпараттық материалдарға сараптама жүргізді. Сараптама жүргізілген әдебиеттердің ішінде 148-іне теріс қорытынды берілді. Қазіргі уақытта 1923 діни кітапқа дінтану сараптамасы жүргізілуде»,-деді агенттік басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайларды орналастыру тәртібі нормативтік негізде бекітілді. Бүгінгі күні әкімдіктер республика бойынша 212 кітап дүкендерін анықтады.