Қазіргі уақытта Азиялық қауіпсіздікті бағдарламай Еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес - Б.Сұлтанов

/strong>Сәуірдің 27-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - 20-шы ғасырда халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық қызметін атқарған полярлық жүйенің құлдырауына орай, аймақтық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін дамытып, құру қажет етуде.

Бұл жайында ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтанов «Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық және ЕҚЫҰ қауіпсіздік пен таратпау саласындағы көпжақты ынтымақтастық» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, Қазақстан қиын-қыстау кезеңде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде.

«Терроризм, экстремизм, табиғи апаттар, кедейшілік және тағы басқалары қазіргі уақытта орын алуда. Мұның бәрі жаһандық экономикалық дағдарыстың әсерінен болып жатқан дүниелер. Оның арты Ресейдегі метрода орын алған жарылыс пен Қырғызстандағы төңкеріске дейінгі әрекеттерге әкеп отыр. Осы тұста біздің ел ЕҚЫҰ-ға өзінің жаңа бағдарламасын ұсынуда. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың пікірінше, Еуразиялық аймақтық құрылымдармен жұмыла отырып ЕҚЫҰ-ға жаңа дем беру қажет. Қазіргі уақытта Азиялық қауіпсіздікті бағдарламай Еуропалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан бүгін біз Солтүстік-Шығыс Азиядағы қауіпсіздік мәселелерін қарастырмақшымыз», дейді Б.Сұлтанов.

ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысының кеңсе директоры Пол Фрич Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде көрші Қырғызстанда үлкен мәселе туындағанын және ЕҚЫҰ мен Қазақстан осы елдегі әрекетті жедел реттеп, тұрақтылықты сақтап қалу бағытын ұстанып отырғанын айтады. «Қазақстан жақын көрші ел ретінде Қырғызстанда орын алған келеңсіздікті шешуге көмектесті. Сонымен қатар келешектегі Қырғызстанның конституциялық құрылымынының қалыптасуына да демеу бере алады», дейді П.Фрич.