Қазіргі уақытта біз кардиохирургия саласына әлемде бар ең заманауи технологияларды енгіздік - «Қазақстанның Еңбек Ері» Ю.Пя

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта біз кардиохирургия саласына әлемде бар ең заманауи технологияларды енгіздік. Бұл туралы бүгін «Қазақстанның Еңбек Ері» ерекше белгідегі наградасын ҚР Президенті қолынан алған Ұлттық кардиохирургия орталығының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя мәлім етті.

«Бүгін біз Президент қолынан наградалар алдық. Бұл барлық медицина қызметкерлерінің жемісті еңбегінің еленгені екендігін баса айтқым келеді. Мемлекеттік кардиохирургияның қалай қалыптасқанын Сіздер барлықтарыңыз білесіздер. 2007-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол кезден бастап үлкен серпін байқалды. Барлық аймақтарда кардиохирургия мен кардиология қарқынды дами бастады. Кардиохирургиялық орталықтың салынуына барлық денсаулық сақтау қызметкерлері атсалысты, етікпен құрылыста жүргеніміз есімізде. Соның жемісін бүгін барша қазақстандықтар көріп отыр. Қазіргі уақытта біз кардиохирургия саласына әлемде бар ең заманауи технологияларды енгіздік. Олардың барлығы өте қымбат құрылғылар. Осының барлығына Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі қолдау жасады. Осындай өзара түсінстік үшін барлық медицина қызметкерлері атынан алғыс айтамын», - деді ол ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен жиында.

«Медицина саласының даму қарқынына қарап, осының барлығы Тәуелсіздіктің арқасы екендігін шынайы сезінесің. Мен жақында Парижде өткен еуропалық саммиттен оралдым. Онда Қазақстанға саммитті ашу үшін алғашқы сөз берілді. Негізгі баяндамашы ретінде ұсынған. «Жүрек трансплантациясы саласын дамытудың қазақстандық моделі» тақырыбы арнайы қойылды. Бұл Қазақстанды мойындау, біздің Тәуелсіздігімізді мойындау деп білемін», - деп түйді сөзін Ю.Пя.

Айта кетейік. бүгін Президент бірқатар адамға сол мемлекеттік наградаларды тапсырған болатын. Олардың қатарында «Қазақстанның Еңбек Ері» ерекше белгідегі наградасын ҚР Президенті қолынан Ұлттық кардиохирургия орталығының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Юрий Владимирович Пя алды.