Қазіргі уақытта Қазақстан былтырғы түсімнен 8 млн. тонна астықты әкспортқа шығарды - Ө. Шөкеев

None
АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай / - Қазіргі таңда Қазақстан былтырғы түсімнен 8 млн. астықты экспортқа шығарды.

«Шын мәнінде былтыр бізде астықты экспортқа шығару өткір проблема болды. Былтыр 20 млн. тоннадан астам астық жиналды. Ал еліміздің экспорттық әлеуеті бұрнағы жылдардағы орташа есептен екі еседей артық болды. Қазіргі күні 8 млн. тоннадай астық экспортталды», деді бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың мамыр айында 1 млн. тонна астық экспортқа шығарылды. Маусым айында да осыншама астық экспорталатын болады. «Жыл сайын осындай уақытта еліміздегі элеваторлар жөндеу жұмыстарына жабылатын. Сөйтіп, жаз айларында астық жөнелту жұмысы тыйылатын. Биыл жазда біз астықты тиеп, жөнелту жұмыстарын тоқтатпайтын боламыз. Жаңа түсімге дейін тағы 2-3 млн. тонна астықты экспортқа шығарып үлгереміз. Сөйтіп жаңа түсімнен түсетін астық үшін элеваторлардағы сыйымдылықты қамтамасыз етеміз», деді Ө. Шөкеев.

Сыртқы нарықтардағы аса қолайсыз жағдайға қарамастан Үкімет теңдессіз шаралар қабылдады. Біріншіден, азық-түлік корпорациясы шаруалардан 5 млн. тонна астық сатып алды. Бұрындары жыл сайын шамамен 1 млн. тоннадай ғана астық сатып алынатын.