Қазіргі уақытта қорғалған деген орыс тілі де, француз тілі де ағылшын тілінің экспанциясына ұшырап жатыр - Еуразия оқулары

МАТЫ. 18 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Ш Еуразия оқулары болып өтті.

Оған Қазақстанның көрнекті өнер қайраткерлері, Ресей мен Өзбекстанның және өз еліміздің танымал ақын-жазушылары қатысты.

Осымен үшінші рет өткізіліп отырған шараның басты миссиясы - Орталық Азияның өнер мен әдебиет өкілдері арасында тікелей байланыстарды орнату, елдердің тілдер және мәдениетаралық диалогын олардың өкілдерінің өзара тілдесуі арқылы жүргізу болып табылады.

ҚР Мәдениет министрлігі, ҚР Ұлттық кітапханасы, Қазақстан хореографтарының одағы, Қуандық Шаңғытбаев атындағы қор мен Қазақстан аудармашылар одағының ұйымдастыруымен өткен басқосуда зиялы қауым өкілдері бұл жолы "тіл кеңістігі", "тілді қалай сақтауымыз керек", "тіл мәселесі" сынды өзекті тақырыптар жайында ойларымен бөлісті.

«Менің ана тілім - қазақ тілі, орыс тілі - менің «рабочий» жұмыс істейтін тілім. Орыс тілі - халықаралық тіл, ол бір-бірімізді түсінуге, қарым-қатынас жасауға керек. Соңғы кезде орыс тілінің жойылып бара жатқандығы байқалады. Кезіндегі біз жазған, сөйлескен орыс тілі жоғалып барады, оның орнына шенеунік-бюрократиялық тіл, «культовый» тіл пайда болуда. Қандай тіл болсын, мейлі ол қазақ, не орыс болсын, біз тілдің тазалығын жоғалтпауымыз керек», -деді жазушы Сәтімжан Санбаев. Қаламгердің пікірінше, тіл мәселесі және оның тазалығы биліктің ерекше назарында болуы керек.

Ресей ақыны Сергей Ташевский: «Қазіргі уақытта қорғалған деген орыс тілі де, француз тілі де ағылшын тілінің экспанциясына ұшырап жатыр. Оған адамдардың қажеттіліктері, өзге тілді үйренуге деген қызығушылықтары әсер етуде. Мәліметтерге сүйенсек, жылына 300 тіл жоғалады екен. Бұл - сұмдық көрсеткіш. Біз ұлттық құндылықтарды сақтауда өзіміз үшін, еліміз үшін ғана күреспейміз, бүкіл адамзат үшін күресеміз. Тілдің сақталуы біздің өзімізге байланысты», - деп атап өтті ол.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Аслан Жақсылықовтың айтуынша, біз тек қазақ тілін ғана емес, әлемдегі барлық тілдердің сақталуын ойлауымыз, сақтауымыз қажет. «Барлық адамда осындай адамгершіл ұстаным болуы қажет. Әр тіл өмір сүруге құқылы. Ал, тілді қорғау әр елдің, әрқайсымыздың міндеті болуы керек», - деді ол.