Шара барысында қонақтар Сырдария ауданында қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаев білім алған №135 орта мектепке барып, мектеп ауласында орнатылған еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қойып, 1 минуттық үнсіздікпен еске алды, рухына тағзым етті. Шарада Қызылорда ОІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі М.Шохатаев сөз алып, Талғат Қозыбаевтың ел үшін жасаған еңбегі халықтың жадынан ешқашан ұмытылмайтынын, кейінгі буынға өнеге болып қалатындығын жеткізіп, Отанын сүйген есіл ердің ерлігіне әрқашан бас иетіндіктерін білдірді. Одан кейін жиналғандар «Айбын» орденінің иегері Талғат Қозыбаевтың құрметіне ашылған сыныпқа барып, оқушылармен кездесті. Онда өңірлерден жиналған 15 тәртіп сақшылары бастарынан өткен оқиғаларын, адамдарды құтқару барысында танытқан ерліктерін баяндап, жастарға ағалық ақыл-кеңестерін айтты, патриот болуға, өз елін, жерін құрметтеуге шақырады.
Сырдария ауданындағы іс-шара Сырдария аудандық мәдениет үйінде өткізілген мерекелік жиынмен қорытындыланды. Сахна төріне бейбіт уақытта ерлік көрсеткен 15 полиция қызметкерлері жеке-жеке шақырылып, ерен ерліктері мен батыл әрекеттері бейнероликтер арқылы көрермен назарына ұсынылды. Сырдария ауданының қарттары қайсар рухты інілеріне баталарын беріп, жылы лебіздерін жеткізді. Өз кезегінде қазіргі заман қаһармандары осы егемендік пен жарқын болашақты сыйлаған соғыс ардагерлерінің ерен еңбегі зор екендігін ерекше атап өтіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан ішкі істер органдарының ардагерлері М.Бержанов пен Д.Сақтағановқа ҚР Ішкі істер министрлігі атынан бағалы сыйлықтарын ұсынды. Сондай-ақ, аталған шараға Талғат Қозыбаевтың ата-анасы, бауырлары мен баласы да қатысты. Жиында Талғаттың анасы сөз алып, халықтың, елдің тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға шексіз алғысын білдірді. Ерім деп еңіреген елі барда, Талғат Қозыбаевтың аты да, заты да өшпейтіндігіне шүкірлік етті.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланып, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің ән-би ансамблі өздерінің әзірлеген концерттік бағдарламаларын көрсетіп, аудан халқына рухани-мәдени кеш сыйлады.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қазіргі заман қаһармандары ат басын Жалағаш ауданына бұрды.