Қазіргі заманғы өнер мұражайында «Наурыз - жыл басы» атты мерекелік іс-шара өтті

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында «Наурыз - жыл басы» атты мерекелік іс-шара өтті. БҰҰ Бас Ассамблеясы «Халықаралық Наурыз мейрамы» қарарын бірауыздан қабылдап, наурыздың 21-ін әлемдік мереке ретінде белгілеген мейрамға орай өткен кеште «Портрет, пейзаж және натюрморт. 20 ғасырдағы кескіндемелік тенденциялар» тақырыбында көрме ұйымдастырылып,

«Тіл және мәдениет» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен қазақ халқының салт-дәстүрлері таныстырылып, ән-жырдан шашу шашылды. Сонымен қатар елордадағы №2 Балалар музыкалық мектебінің домбырашылар мен қобызшылар ансамблі мерекелік концерт қойды.

Көрерменге берері мол көрме төрінде еліміздің алтын қорына енген өнер туындылары қойылған. Аталған мұражай қорынан алынып отырған құндылықтар қатарында Қазақстан, Ресей, Украина, Молдова, Беларус қылқалам шеберлерінің 1942-2009 жылдары аралығында салынған 76 шығармасы бар. Келушілердің қызығушылығын оятқан портрет жанрындағы Амандос Ақанаев, Абрам Черкаский, Алексей Бортников, Жанатай Шәрденов, Айша Ғалымбаева сынды суретшілердің туындылары қатарынан ақын Олжас Сүлейменов, жазушы Мұхтар Әуезов, халық әртісі Серке Қожамқұлов бастаған танымал тұлғалардың бейнелерін көруге болады. Сондай-ақ көрмені Қазақстан мен Ресей суретшілерінің жеті мүсіндік жұмыстары да толықтыра түскен.

Айта кетейік, «Портрет, пейзаж және натюрморт. 20 ғасырдағы кескіндемелік ағымдар» атты көрме наурыздың 25-інен бастап жұмыс істейді.