Бұл үшін банк есебінен 2,4 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазкоммерцбанк несиелендіруді «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ талаптары бойынша жүргізеді. Банк бұл арқылы «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ бөлген несиеге қол жеткізіп үлгермеген 400 адамды қамтуды көздеп отыр.
Бұған дейін банк Үкімет пен «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ тарапынан бөлінген 24 миллиард теңгеге 5921 адамды қайта қаржыландырған болатын.
«Біз мемлекеттік бағдарламаның қорытындысының экономика мен біздің тұтынушыларымызға, банкке жақсы нәтиже бергенін көріп отырмыз. Бұған дейін жүзеге асырылған «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ қайта несиелендіру бағдарламасы бойынша үлгермей қалған азаматтарға қайта несие беру мақсатымен банк есебінен несие беруді жалғастырамыз деген шешімге келдік» дейді банктің басқарушы директоры Әділ Батырбеков.
Банк өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта банк бұнымен қатар ипотеканы қайта қаржыландырудың жаңа бағдарламасын жүзеге асырмақ.