10:24, 03 Сәуір 2009
Қазкоммерцбанк мемлекеттік бағдарлама бойынша «Самұрық- Қазына» мен «Даму» қорларынан бөлінген қаражатты жоспарға сәйкес игеруде
АЛМАТЫ. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазкоммерцбанк мемлекеттік бағдарлама бойынша «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ы мен «Даму» шағын кәсіпкерлікті қолдау қорынан бөлінген қаражатты жоспарға сай игеруде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Банкке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан» ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға 24 миллиард теңге, ал «Даму» қорының шағын және орта бизнесті қаржыландыруға және қайта қаржыландыруға 16 миллиард теңге бөлінген болатын. Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға бөлінген қаражатты алуға сәуірдің 1-індегі көрсеткіш бойынша 2 821 өтініш түсті. Олардың ішінен жалпы сомасы 3 миллиард 91,7 миллион теңгені құрайтын 813-өтініш мақұлданды. Сондай-ақ 97 қарызгерге 387,59 миллион теңге көлемінде қаржы берілді. Шағын және орта бизнесті қайта қаржыландыруда наурыздың 26-сына дейін жалпы сомасы 1 миллиард 918,7 миллион теңгені құрайтын 39 жоба мақұлданды. Оның ішінде 950,47 миллион теңгенің 21 жобасы игерілді. Жалпы «Даму» қорынан бөлінген бұл қаражат маусымның 30-ына дейін толық игерілуі керек.