«Қазқонақты» сақтап қалмасақ, бес миллион жылдық тарихтан айырыламыз

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласының іргесіндегі «Қазқонақ» палеонтологиялық ескерткіші – миллиондаған жыл бұрынғы тіршілік дүниесінен сыр шертетін бірегей табиғи мұра. Алайда уақыт пен табиғаттың әсерінен Ертіс өзенінің жағалауы біртіндеп опырылып, ежелгі жануарлардың сүйек қалдықтары жатқан қабаттар жойылып барады.

Фото: Мұрат Аяған

Соңғы 24 жылда жағалаудың жекелеген тұстары 6-дан 17 метрге дейін опырылып түскен. Ғалымдар мен қоғам белсенділері бұл үдерісті тоқтатып, ескерткішті сақтап қалу мәселесін көтеріп отыр.

«Қазқонақтың» қазіргі жағдайы қандай? Оны қорғау үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек? Осы орайда ежелгі хайуанаттар әлемін зерттеуші, мәдениеттану ғылымдарының кандидаты, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры Валентина Алясовамен сұхбаттастық.

Фото: Мұрат Аяған

– Валентина Нұрмағамбетқызы, «Қазқонақ» табиғи ескерткішінің бүгінгі сақталу деңгейі қандай?

– «Қазқонақ» – палеонтологиялық тұрғыдан аса құнды нысан. Бұл – шамамен 5-7 миллион жыл бұрын Ертістің Павлодар өңірін мекендеген гиппарион фаунасының кеңінен танымал орны. Ғылыми маңызы өте жоғары. Себебі мұнда ежелгі жануарлардың сүйек қалдықтары молынан сақталған. Бүгінге дейін 60-тан астам хайуанат түрінің қалдықтары анықталды. Бұл көрсеткіш әлі де толыға түсуі мүмкін.

Фото: Мұрат Аяған

Алайда ескерткіштің қазіргі жағдайы бізді айрықша алаңдатып отыр. Жағалау біртіндеп опырылып, сүйек қабаттары ашық қалып жатыр. Табиғи үдерістердің салдарынан миллиондаған жыл бойы сақталған ғылыми материалдар жоғалуда. Сондықтан бүгінгі басты міндет – аумақты зерттеп қана қоймай, оны сақтап қалудың нақты жолдарын қарастыру.

– Жағалаудың опырылуы қаншалықты жылдам жүріп жатыр? Мұны растайтын зерттеулер бар ма?

– Иә, ғылыми мониторинг нәтижелері бар. 2002 жылғы карта-сызбаны 2026 жылғы зерттеулермен салыстырған кезде, 24 жыл ішінде жағалаудың жекелеген тұстары қала бағытына қарай 6-дан 17 метрге дейін опырылғаны анықталды. Жағалауда жыралар пайда болып, біртіндеп ұлғайып келеді. Сүйек қалдықтары жатқан қабаттармен бірге жердің тұтас бөліктері төмен қарай құлайды. Соның салдарынан бұрын ғылыми зерттеулерге қолжетімді болған материалдардың бір бөлігі мәңгілікке жоғалды деуге болады. Биыл күзде Марғұлан университетінің ғалымдары мен Тимур Смағұлов бастаған жергілікті археология институтының мамандары аталған аумақта зерттеу жүргізді. Негізгі мақсат – қазба жұмыстарын ұйымдастыру емес, жағалау сызығының қазіргі жағдайын зерделеу болды.

– Табиғи ескерткішті сақтап қалу үшін ең алдымен қандай шаралар қажет?

– Ең әуелі табиғи эрозияны тоқтату мәселесін шешу керек. «Қазқонаққа» екі жақтан қауіп төніп тұр. Төменгі жағынан Ертіс өзені жағалауды ұдайы шайып жатыр, ал жоғарыдан жауын-шашын суы топырақты бүлдіріп, жыралардың ұлғаюына ықпал етеді. Сондықтан ескерткішті әрі өзеннің шайылуынан, әрі жауын-шашынның әсерінен қорғау қажет. Бұл мәселені ғылыми тұрғыда зерттеп, нақты инженерлік шешімдер қабылдау маңызды. Мәселен, сүйек қабаттары жер астында қалай орналасқан? Олар біртұтас қабат түрінде жатыр ма, әлде жеке-жеке линзаларға бөлінген бе? Сүйекті қабаттар тұрғын үй алабының арғы жағына қарай қаншалықты тереңдейді? Мұның бәрін анықтау керек.

Фото: Мұрат Аяған

Бізге осы жұмыстарды атқара алатын ғылыми ұйымды тарту қажет. Өйткені мәселені тек сырттай бақылаумен шешу мүмкін емес. Алдымен ескерткіштің геологиялық құрылымын, сүйек қабаттарының орналасу ерекшелігін толық түсініп алуымыз керек.

– Қазіргі таңда «Қазқонақты» қорғау жөнінде қандай да бір бастамалар көтеріліп жатыр ма?

– Бұл мәселені көтеріп жүрген бастамашыл топ бар. Біз ресми комиссия немесе заңды тұлға емеспіз. Әрқайсымыз өз ұйымымыздың атынан жұмыс істейміз. Ортақ мақсатымыз – ескерткіштің жағдайына қоғамның және жауапты мекемелердің назарын аудару. Бүгінде аумақты ретке келтіру де маңызды. Әсіресе қоқыс үйінділерінің пайда болуына жол бермеу керек. Мұндай бірегей нысанның маңында тазалық пен тәртіп сақталуға тиіс. Бұл – оны қорғаудың қарапайым, бірақ маңызды бөлігі.

Фото: Мұрат Аяған

Жақында мемлекеттік органдардың, ғылыми және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген ведомствоаралық жұмыс кеңесі өтті. Онда ғылыми және тарихи маңызы бар табиғи мұраны қорғау, ғылыми зерттеу жұмыстарын дамыту мен туристік әлеуетін арттыру мәселелері қаралды. Ең бастысы «Қазқонақтың» 2018 жылдан бері Баянауыл ұлттық паркінің қарауында екені анықталды. Ендігі кезекте үш жылға жуық мерзімді қамтитын жол картасы әзірленбек. Онда жағалауды бекіту, аумақты қорғау, ғылыми зерттеу және туристік әлеуетін таныту шаралары қарастырылады

– «Қазқонақ» аумағын туристер үшін қолжетімді етуге қатысты пікіріңіз қандай? Туризмді дамыту ескерткіштің сақталуына кері әсер етпей ме?

– Дұрыс ұйымдастырылса, туризм мен ағартушылық жұмыстары ескерткішті сақтауға көмектеседі деп ойлаймын. Мен бұл жерде екі бағытқа ерекше мән беремін: біріншісі – ғылыми-ағартушылық жұмыс, екіншісі – туристік әлеуетін дамыту. Өйткені «Қазқонақ» дегеніміз жай ғана көне сүйектердің жиынтығы емес. Бұл – миллиондаған жыл бұрын осы өңірде қандай жануарлар мекендегенін, олардың немен қоректенгенін, табиғи ортаның қандай болғанын көрсететін тарихи деректер. Сүйектерді зерттеу арқылы мамандар жануарлардың тіршілік ерекшеліктерін, денсаулығын, тіпті өмірінде қандай да бір жарақат алған-алмағанын анықтай алады.

Фото: Мұрат Аяған

2019 жылы аумақта көне жануарлардың мүсіндері орнатылғаны жақсы болды. Оған дейін келушілерге олардың қандай жануарлар болғанын суреттер арқылы ғана түсіндіретінбіз. Қазір ең болмағанда сол кезеңнің жануарларын көзбен көруге мүмкіндік бар. Дегенмен бұл бағытта әлі де атқарылатын жұмыс көп.

– Туристік нысан ретінде дамыту үшін қандай инфрақұрылым қажет?

– Ең алдымен, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Қазір сүйек қалдықтары жатқан жерлерге апаратын соқпақтарды көбіне сол аумақты жақсы білетін адамдар ғана пайдалана алады. Ондағы жолдар реттелмеген. Ол жерге балалар, егде жастағы адамдар да еркін барып, көне жануарлардың сүйектерін көре алатындай жағдай жасалуы керек. Ол үшін арнайы жаяу жүргіншілер жолы, қажет болса көпір салу мәселесін қарастыруға болады. Сүйек қабаттары ашық жатқан аумақты мөлдір шынымен қоршап, келушілерге ғалымдардың жұмысын немесе сүйектердің табиғи орналасуын қауіпсіз жерден тамашалауға мүмкіндік жасауға болады.

Бірақ мұның бәрі ескерткіштің ғылыми және табиғи ерекшеліктеріне зиян келтірмейтіндей етіп жүзеге асырылуы тиіс. Бастысы – туристер келетін орын ғана емес, қорғалған ғылыми нысан қалыптастыру.

– Бұған дейін табылған ежелгі хайуанаттардың сүйектері қайда сақтаулы?

– Алғашқы ірі қазба жұмыстары 1928-1929 жылдары жүргізілген. Ол кезде Павлодарда табылған материалдарды сақтап, зерттейтін арнайы ғылыми мекеме болмаған. Сондықтан сүйектерді зерттеушілер өздерінің ғылыми институттары мен орталықтарына алып кеткен. Қазір олардың бір бөлігі Мәскеуде, Грузияда және Алматыдағы палеозоология зертханасында сақтаулы.

Фото: Мұрат Аяған

Павлодарда да құнды материалдар бар. Олар Торайғыров университетінің музейінде, облыстық өлкетану музейінде және География үйінде сақталған. Мәселен, өлкетану музейінде гиппарион қаңқасының реконструкциясын көруге болады. Палеобиология зертханасында хилотерий мүйізтұмсығының реконструкциясы мен мастодонт қалдықтары бар. Сондай-ақ махародус деп аталатын қылыш тісті мысықтың қалдықтары да табылған. Оның бас сүйегі Мәскеудегі палеонтологиялық институтта сақтаулы.

Фото: Мұрат Аяған

Мұның бәрі – біздің ұлттық мұрамыз. Сондықтан «Қазқонақ» аумағынан табылған кез келген сүйек қалдығы тиісті ғылыми зерттеуден өтіп, музейге тапсырылуы керек. Оларды бейберекет жинап, үйге алып кетуге болмайды.

– Ескерткіштің ғылыми маңызын әлемдік деңгейде қалай бағалар едіңіз?

– «Қазқонақтың» басты ерекшелігі – оның қала аумағында орналасуы. Әлемде осындай палеонтологиялық орындар Америка құрлығында, Грекияда, Молдовада, Украинада кездеседі. Бірақ әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. «Қазқонақ» гиппарион фаунасының тірек кесіндісі, яғни эталондық орны ретінде халықаралық ғылыми ортаға белгілі. Бұл дегеніміз – әлемнің басқа жерлерінен осындай кезеңге жататын жануарлардың сүйектері табылса, ғалымдар оларды «Қазқонақтағы» материалдармен салыстыра алады. Демек, бұл ескерткіштің маңызы тек Қазақстан үшін ғана емес, халықаралық палеонтология ғылымы үшін де зор. Мұнда әлі де зерттелмеген материалдар болуы мүмкін. Оларды жоғалту – ғылым үшін үлкен шығын.

– Әңгімеміздің соңында айтыңызшы, «Қазқонақ» алдағы 20-30 жылда қандай күйде болуы мүмкін? Оны сақтап қалуға үлгереміз бе?

– Егер қазірден бастап нақты іс-шаралар қолға алынбаса, жағалаудың опырылуы жалғаса береді. Жердің тұтас бөліктері құлап, олардың арасындағы сүйек қалдықтары да жойылады. Ал біз мұндай ғылыми мұраны қайта қалпына келтіре алмаймыз.

2028 жылы «Қазқонақтың» ғылымға белгілі болған уақытына 100 жыл толады. Ескерткішті ғылыми тұрғыда зерттеу, табиғи эрозиядан қорғау, аумағын ретке келтіру және келушілерге қауіпсіз жағдай жасау жұмыстары тез арада қолға алынып, ғасырлық мерейтойын лайықты атап өтсек абзал. Оны тек туристік нысан ретінде қарастырмай, ең алдымен ғылыми әрі тарихи құндылығы бар мұра ретінде сақтауымыз керек.

«Қазқонақ» – Павлодардың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы болуға лайық нысан. Миллиондаған жыл бұрынғы тіршіліктің іздері біздің қаламыздың іргесінде жатыр. Осындай баға жетпес қазынаны келер ұрпаққа аман жеткізу – бүгінгі буынның міндеті.

Еске сала кетейік, Павлодарда «Қазқонақ» табиғи ескерткішін сақтап қалу мақсатында Жол картасы әзірленеді. 

Сондай-ақ Павлодардан табылған ежелгі Гиппарион жылқысы туралы жазғанбыз.