«Қазконтент» АҚ-ның медиажобалары подкаст бөлімін іске қосты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазконтент» АҚ-ның жеті медиажобасы - baq.kz, baigenews.kz, strategy2050.kz, el.kz, assembly.kz, adebiportal.kz және e-history.kz аудиоподкаст бөлімін іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қолданушылар «ақылды радио» жанрында ақпараттық, сараптамалық, мәдени-ағартушылық және авторлық жобалармен таныса алады.

«Подкаст – бұл тренд емес, аудиторияда сұранысқа ие болатындай БАҚ дамуының қажеттілігі. Подкастинг біздің басылымның қолданыс құралдарын кеңейтетін, оның жанрлық құрамын жаңартып, сайттың жаңа оқырмандары мен тыңдармандарының көбеюіне мүмкіндік береді. Подкасттар тұтынушыға, сонымен қатар подкаст авторына өзінің ыңғайлылығымен әмбебап құрал болып саналады. Подкастта ең бастысы – бұл тақырыптың өзектілігі, авторлық көзқарастың болуы және адамдардың қызықты оқиғалары, сондай-ақ бұрынғы тақырыптарға да жаңа леп береді», дейді el.kz сайтының бас редакторы Шыңғыс Майсейітов.

«Интернеттің маңызының артуына байланысты, медиасаланың да мүмкіндіктері кеңейтілуде. Адамдар барған сайын газет пен журналға, теледидар мен радиоға сирек жүгінетін болып барады. Подкасттардың кезі келіп жетті, онда материалдар дыбыстық форматта беріледі», дейді e-history.kz бас редакторы Алтынбек Құмырзақ.

«Цифрлық технология заманында уақытты үнемдеу деген өте маңызды. Адамдар өздерінің алтын уақытын жаңалықтарды оқып отыруға бөлгілері келмейді. Осыған байланысты, strategy2050.kz жобасы апта жаңалықтарының ең өзектілері жайында хабардар ететін аудиоподкастыны ұсынады. Осылайша, біздің оқырмандарымыз аптасына бір рет, 5 минутқа тыңдаушыға айналады», дейді strategy2050.kz шығарушы редакторы Аягөз Құрмашева.

Шығармашылық ұжымның аудиоподкасттарын SoundCloud, TuneIn белгілі аудистримингтік сервистерінде қол жеткізуге болады.

Аудиоподкасттар «Қазконтент» АҚ-ның мультимедиялық базасында жазылады.

Подкаст парақшаларына сілтемелер: baigenews.kz/podcasts, baq.kz/podcasts,

strategy2050.kz/podcasts, el.kz/podcasts, e-history.kz/kz/podcasts,

assembly.kz/podcasts, adebiportal.kz/podcasts ,

Айта кетерлігі, подкаст – белгілі бір тақырыптағы аудиоблогтар, радиобағдарламалардан айырмашылығы оларды мобильді құрылғыға жүктеп алып, кез келген ыңғайлы жерде тыңдауға болады.

Оның радиобағдарламалардан өзгешелігі, нақты өзіне тән тақырыбы бар аудиоблогтар. 2018 жылы 2017 жылға қарағанда подкаст тыңдаушылардың саны әлем бойынша 4 есе өскен.

Подкаст тыңдаушы елдердің бірі - Оңтүстік Корея, онда халықтың 58%-ы подкаст тыңдайды. АҚШ-тың әрбір үшінші тұрғыны подкастерлерге жазылған. Канада аудиториясының 43%-ы подкастты YouTube арнасында тыңдайды. Ресейде көбіне спорт және әдебиет тақырыбындағы подкасттар тыңдалады.

Өкінішке орай, қазіргі таңда Қазақстанда подкаст тыңдаушылардың көрсеткіші туралы ақпарат жоқ.

«Қазконтент» АҚ – 2009 жылы ұлттық контентті қалыптастыру және интернет желісінің қазақстандық бөлігін дамыту мақсатында құрылған. Қоғамның негізгі міндеті – мемлекеттік интернет-ресурстарды дамыту арқылы қазақстандықтардың ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыру.