"ҚазҚұрылысСервис" АҚ «WORLD SERIES OF BOXING S.A.» әлемдік сериясы аясындағы бокс матчтарын өткізуге демеушілік жасайды

АЛМАТЫ. 4 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «ҚазҚұрылысСервис» АҚ мен «WORLD SERIES OF BOXING S.A.» Халықаралық бокс лигасы әлемдік бокс сериясы матчтарын өткізу үшін демеушілік көмек жасау туралы келісім-шарт жасасты. Бұл шара AIBA-ның Халықаралық конгресі аясында жүзеге асып отыр.

«Бұл қазақстандық мұнай-газ құрылысы компаниясының әуесқой бокстың әлемдік лигасына қосқан үлесі. Бүкіләлемдік бокс сериясы жобасын жүзеге асыру аясында АІВА спорт индустриясында революциялық реформа жасап, ғаламшардағы бокстың дамуына серпін бермек. Қазақстанның әлемдік әуесқой бокста жетекші позицияда екені баршаға аян. Мәжіліс депутаты Серік Қонақбаев Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы Атқару комитетінің мүшелігіне сайланды. Бұл Қазақстанға деген сенім және ұлттық боксты мойындау", - дейді "ҚазҚұрылысСервис" АҚ-ның Бас директоры Сәбит Жанасов.

Оның айтуынша, бұл қазақстандық боксшылар мен жанкүйерлерді одан ары ынталандыра түседі. Мұндай жағымды өзгерістер олардың әлемдік бастаманы қолдауға өз үлесін қосуына түрткі болып отыр.