Қазмедиа орталығы бұрынғы қызметкерден 10 млн теңге өндіріп алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұрынғы қызметкер жұмыстан босатылғаннан кейін ақша жетіспеушілік орын алған, деп хабарлады Астана сотының баспасөз қызметінде.

«2012 жылы жауапкер студиядан тыс құралдар бөлімінің телевизиялық-журналистік кешенінің инженері лауазымына қабылданды.  «Қазмедиа орталығында» жұмыс істеген кезеңде ол материалдық-жауапты тұлға болды. 2015 жылы қызметкердің өтінішімен инженермен еңбек шарты бұзылады. Алайда қабылдау-тапсыру актісі бойынша материалдық құндылық тапсырылмаған.

Қордағы құралдарды, негізгі құралдарды, материалдық емес активтерді түгендеу қорытындысы бойынша сомасы 10 миллион теңгеден астам тауар-материалдық құндылықтың жетіспейтіні анықталды», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен. Астана қаласы Сарыарқа аудандық соты талапарызды қанағаттандырды, бұрынғы қызметкерден 10 383 299 теңге көлемінде материалдық шығынды өндіріп берді. Сот шешімі заңды күшіне енді.