15:27, 25 Наурыз 2009
«ҚазМұнайГаз» АҚ Грузиядағы еншілес компаниясын сатуға дайын
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Грузиядағы «ҚазТрансГаз-Тбилиси» еншілес компаниясын сатуға дайын. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «ҚазМұнайГаз» компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, 2006 жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорыны «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы Грузияның газбен қамтамасыз ету жүйесіндегі «ТбилГаз» кәсіпорынының активтерін иеленген болатын. Грузия нарығына енгеннен бері «ҚазТрансГаз» АҚ «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясына 100 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция салды. Атап айтқанда бұл қаржы Тбилиси қаласындағы газ таратқыш жүйесін жөндеу мен жаңартуға, газ есептегіш құралдарын сатып алу мен орнату жұмыстарына жұмсалды. Нәтижесінде компания табиғи газды жоғалту үлесін 60 пайыздан 20 пайызға дейін төмендетті. Қазіргі уақытқа дейін «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясы аталған өңірдегі экономикалық ауыр жағдай мен төлемдердің уақтылы жасалмауына қарамастан, тұтынушыларға газды тасымалдап отыр.
«Біз күзде «ТбилГазды» сатуға дайын екенімізді айтқан болатынбыз. Сатып алынғанның барлығы кейіннен сатылады, алайда мәселенің мәні оның бағасында. Атап айтқанда, біз оны сатуға әзірміз, егер де біздің инвестициялық салымдар, ұсынылған заемдық қаржыландыру, мұнымен бірге «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясына жасалған қаржылық көмектің барлығы өтелетін болса», - деді Қ. Қабылдин.