Директорлар кеңесі ҚР Үкіметі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның ресми болжамдарына сәйкес, Brent маркалы мұнай баррелінің бағасын 65 АҚШ долларымен есептей отырып, «ҚМГ» БӨ»-нің 2011 жылға арналған бюджетін бекітті. 2011 жылы күрделі салымдар 99,1 млрд. теңге (661 млн. АҚШ доллары) мөлшерінде жоспарланып отыр, бұл осы мақсаттарға 2010 жылы жоспарланған шығындардан 15 пайызға көп. Күрделі салымдардың артуына қолданыстағы ұңғымаларды бұрғылау көлемінің 213-тен 239-ға дейін көбеюі және «ҚМГ» БӨ»-нің 2010 жылдағы бюджетімен салыстырғанда геологиялық барлау жұмыстарына күрделі шығыстарының 4 млрд. теңгеден (27 млн. АҚШ долларынан) 8 млрд. теңгеге (55 млн. АҚШ доллары) дейін өсуі себеп болды. Тұзасты ұңғымаларын бұрғылау шығындары қосымша қаралатын болады.
«Бекітілген бюджетке сәйкес, 2011 жылы тиімділікке кері әсер етуі мүмкін факторлардың ішінде ағымдағы жылдың маусым айында «ҚМГ» БӨ»-нің өндірістік филиалдарында жалақының артуы, ағымдағы жылдың тамыз айында экспорттық кедендік баж салығының енгізілуі және оның мөлшерінің арту мүмкіндігі туралы ақпарат аталды», - делінген баспасөз хабарламасында.
2011 жылы негізгі активтерде («Өзенмұнайгаз» ӨФ және «Ембімұнайгаз» ӨФ) өндіру көлемін 2010 жылы жоспарланған 8,781 тоннадан (тәулігіне 177 мың баррель) 9 100 мың тоннаға (тәулігіне 183 мың баррель) дейін арттыру қарастырылған. Бұл көлемнен 1 900 мың тонна Атырау МӨЗ-де одан әрі қайта өңдеу үшін ішкі нарыққа жеткізіледі.
Компанияның атап өтуінше, 2011 жылы артықшылықты акцияларды кері сатып алу бағдарламасы жалғасады. 2010 жылдың ақпанында бағдарлама басталғаннан бері компания 24 358 млн. теңге (165 млн. АҚШ доллары) сомасына 1 346 213 артықшылықты акция сатып алды. Бағдарлама 2011 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда айналымдағы артықшылықты акциялар саны 2 789 894 құрайды.
Директорлар кеңесі сонымен қатар бұған дейін жарияланған «Маңғыстаумұнайгаз», «Қазақтүрікмұнай» және «Қазақойл-Ақтөбе» компанияларындағы үлестерді сатып алу жөніндегі мәмілелерді бекіту барысы туралы ақпаратты тыңдады. «ҚМГ» БӨ»-нің бұл мәмілелерді аяқтауға ниеті және компания менеджментінің оны тездетіп аяқтау үшін тиісті шараларды қолға алып отырғаны аталып өтті. Сонымен қатар, қазіргі таңда аталған мәмілелер ҚР мемлекеттік органдарының қарауында жатыр.