«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ қорларды толтыру коэффициентін арттырды

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 2010 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша мұнай қорларына жүргізілген аудиттің нәтижелерін жариялайды.

Gaffney, Cline & Associates («GCA») тәуелсіз компаниясының есебіне сәйкес, «дәлелденген, ықтимал» (2Р) санаты бойынша алынатын мұнай қорлары «Қазгермұнай» және CCEL («Қаражамбасмұнай») және «ПетроҚазақстан Инк.» компанияларындағы ҚМГ БӨ үлесін қоспағанда, 232 млн. тоннаны (1 707 млн. баррель) құрады. Өткен жылы Өзен және Ембі кен орындарында қорлардың орнын толтыру коэффициенті 73 пайыз болды, ал 2009 жылы бұл көрсеткіш 25 пайызға тең еді.

Қолданыстағы кен орындарын жете барлау, жекелеген кен орындарында мұнай алу коэффициентін арттырудың, сондай-ақ қолайлы макроэкономикалық конъюнктураның есебінен қорларды толтыруға қол жеткізілді. 2010 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша қорлардың еселігі 26 жылды құрады.

Компания ІРО-ға шыққалы бері «дәлелденген, ықтимал» (2Р) санаты бойынша алынған жалпы мұнай қорлары 14 пайызға артты, ІРО-ға шыққалы бергі 5 жыл ішінде толтыру коэффициенті 178 пайызға теңесті.

«Дәлелденген» (1Р) санаты бойынша қорлар 82 млн. тоннаны (600 млн. баррель), ал «дәлелденген, ықтимал және мүмкін болатын» (3Р) санаты бойынша 266 млн. тоннаны (1 955 млн. баррель) құрайды.

Баспасөз қызметінің атап өтуінше, компания ресурстық базаны арттыру бағытындағы жұмыстарды да жалғастыруда.

«2010 жылы өткізілген шаралар, атап айтқанда, жаңа ұңғымаларды қарқынды бұрғылау, игеріліп жатқан кен орындарына мейлінше терең геологиялық зерттеулер жүргізу, бұған дейін жұмыссыз тұрған ұңғымаларды іске қосу бізге қорлардың орнын толтыру коэффициентінің төмендеуін тоқтатуға мүмкіндік берді. Өзен және Ембіде орналасқан ескі кен орындары үшін 73 пайыздық қорлардың орнын толтыру, өте жақсы нәтиже болып табылады. Сонымен қатар, бұл тағы да 2010 жылдың желтоқсанында бекітілген жаңа даму Стартегиясының басымдықтарының бірі ретінде белгіленген геологиялық барлауды дамыту бойынша компанияның таңдаған бағытының дұрыстығын дәлелдейді. Біз қолайлы баға конъюнктурасы мен қолайлы сыртқы жағдайлар сақталған жағдайда геологиялық барлау жұмыстарына айтарлықтай қаражат салуға ниеттеніп отырмыз», - дейді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның бас директоры Кенжебек Ибрашев.