«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ 2011 жылдың бірінші тоқсанында 3 172 мың тонна мұнай өндірді

АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 2011 жылдың бірінші тоқсанында алдын ала мәліметтер бойынша 3 172 мың тонна (тәулігіне 259 мың баррель) мұнай өндірді,

деп хабарлады аталған компанияның баспасөз қызметінен.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ («ҚМГ БӨ») «Қазгермұнай» БК ЖШС (ҚГМ), «CCEL» (CCEL), «ПетроҚазақстан Инк.» (ПҚИ) және «НБК» ЖШС (НБК) компанияларындағы үлестерді қосқанда, 2011 жылдың бірінші тоқсанында алдын ала мәліметтер бойынша 3 172 мың тонна (тәулігіне 259 мың баррель) мұнай өндірді, бұл 2009 жылдың осындай кезеңіндегіден 11 мың тоннаға немесе 0,3 пайызға аз», - делінген баспасөз хабарламасында.

Компанияның атап өтуінше, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы (ӨМГ) 1 413 мың тонна (тәулігіне 115,5 мың баррель) мұнай өндірген. Бұл өткен жылдың бірінші тоқсанындағы көрсеткіштен 0,3 пайызға кем. Ал «Ембімұнайгаз» 680 мың тонна (тәулігіне 55,5 мың баррель) мұнай өндіруге қол жеткізген. Бұл 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 пайызға көп. Соның арқасында ӨМГ және ЕМГ өндірген мұнайдың жалпы көлемі 2011 жылдың бірінші тоқсанында 2 093 мың тонна (тәулігіне 171 мың баррель) мұнайды құрады. Бұл 2009 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 7 мың тоннаға немесе 0,4 пайызға артық.

«Бұл ретте мұнай өндіру көлемінің аздап төмендеуіне 2011 жылдың наурызында ауа райының қолайсыздығынан кен орындарында электр қуатын шектеу және апатты жағдайда сөну жағдайлары кері әсер етті», - делінген баспасөз хабарламасында.

CCEL, ҚГМ, ПҚИ және НБК компанияларының өндіруіндегі ҚМГ БӨ үлесі 2011 жылдың үш айында 1 079 мың тонна (тәулігіне 88 мың баррель) мұнайды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,5 мың тоннаға немесе 1,7 пайызға аз және жоспарлық көрсеткіштерге сәйкес келеді.