«ҚазМұнайГаз» ел Үкіметіне металдан құйылған су құбырларын полимерге ауыстыруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов Үкіметке құйылған су құбырларының бәрін полимерге ауыстыруды ұсынды.
— Пластмасса өнімдерін өндіру бойынша ішкі нарықты ынталандыру — мұнай-газ химиясын одан әрі дамытудың негізгі мәселелерінің бірі болып есептеледі. Өйткені мұнай өнімдерінің импорты 2024 жылы 3,4 млрд доллар болды. «ҚазМұнайГаз» жанынан ішкі нарық пен полимер материалдардың қолданысын кеңейту жөніндегі жобалық кеңсе құрылды. Бүгінгі таңда басқа елдерден сертификатталмаған, шикізаттың шығарылған жері көрсетілмеген полимер өнімдердің әкелініп жатқаны байқалады, — деді Әсет Мағауов Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ол ел экономикасында заманауи полимер әлі де болса сирек қолданылатынын атап өтті.
— Бұған қоса, экономика салаларында әлі де дәстүрлі материалдар қолданылып келеді. Бұл ретте жоғары сенімділігімен, төзімділігімен әрі икемділігімен ерекшеленетін заманауи полимерге ауысатын уақыт келді және оған объективті негіз бар. Мысалы, су құбырларын металдан полимерлерге ауыстыруға болады, — деді «ҚазМұнайГаз» өкілі.
Сондай-ақ, ол мұнай бағасы биыл 65 доллар деңгейінде сақталуы мүмкін деген болжам айтты.