«ҚазМұнайГаз» геологиялық барлау жұмыстарын үдету үшін 5 млрд. доллар жұмсайтын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жақын аралықтағы үш жылда геологиялық барлау жұмыстарының қарқынын үдету үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 5 млрд. доллар жұмсайтын болады.

Бүгін «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің отырысында Энергетика министрі Владимир Школьник осылай мәлім етті. Еске салайық, кеңесте «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды тұғырнамасының «Инновациялық экономика» бағыты бойынша мәселелер талқыланған еді.

Сөз арасында министр «Жер қойнауы туралы» жаңа кодекстің әзірленіп жатқанын, аталмыш құжаттың геологиялық барлау жұмыстарына тың серпін беретінін атап өтті.

«Аталмыш кодекс жобасы геологиялық барлау жұмыстарының, оның ішінде мұнай мен газдың жаңа кен орындарын барлаудың ауқымын кеңейту үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыта түседі. Жақын аралықтағы үш жылда геологиялық барлау жұмыстарының қарқынын үдету үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 5 млрд. доллар жұмсауды жоспарлап отыр. Бұл шараның өзі ұлттық компанияның расталған кен қорын 823 млн. тоннадан, 2022 жылға қарай 1, 4 млрд. тоннаға дейін арттыруға септігін тигізбек», - деді В. Школьник.