«ҚазМұнайГаз» кадр резервін қалыптастыруда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың 7 тамызында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Бірыңғай кадрлық резервін қалыптастыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында қоғамның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев пен ҚМГ басқарма мүшелерінің «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобы бойынша Бірыңғай кадрлық резервке тіркелген қызметкерлерімен кездесу болып өтті, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Бірыңғай кадрлық резерв бағдарламасының негізгі мақсаты - басқарушылық қызметте болашақ басшылардың дәстүр сабақтастығын қамтамасыз ету үшін оларды мақсатты түрде жүйелік дайындау, сонымен қатар үздік жұмыскерлерге ҚМГ компаниялар тобында лауазымдарын жоғарылатуға, өсуге мүмкіншілік беру. Кадрлық резервтің қатысушылары қатаң бақылауда кандидаттардың кәсіби және жеке қасиеттерін нақты әрі айқын бағалау нәтижесінде байқаудан өткен «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының қызметкерлері болып табылады.

Жалпы барлығы 99 кандидат қамтылып, олардың ішінен ассессмент бағалау мен комиссия шешімін ескеру нәтижесінде 30 адам іріктеліп алынды. ҚМГ Басқармасының шешімімен резервтегі 30 адамның тізімі бекітілді, олардың 18 кандидаты - Корпоративтік орталықтың қызметкерлері мен 12-сі - ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлері. Әрбір резервтегі адамға жеке жоспар бекітілген, онда әрі қарайғы дамуға арналған құзырет пен салалар көрсетілген. Сондай-ақ, әр резервтегі адамға әрі қарайғы қызметтік өсу жолдары көрсетілген лауазымдық жоспардың да бекітілгенін айта кеткен жөн.

С.Мыңбаев жиналғандарды Бірыңғай кадрлық резервке алынуларымен құттықтады. Кездесуге қатысушыларға бағыттай отырып, ол ҚМГ-дың ұзақ мерзімді дамуындағы басым бағыттарының бірі - болашағы зор жас көшбасшыларды іздеп, заманауи құзыретті меңгерген, жаңа тұрпаттағы басшыларды дайындау мақсатындағы кадрлық резервті дайындау екенін айтты.

Бизнесті трансформациялау аясында ұлттық компанияның басшылығы резервтегі қызметкерлерге үлкен үміт артады, себебі өздерінің қажырлы еңбектері мен жоғары біліктіліктерінің арқасында олар ҚМГ компаниясының алға қойған стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға елеулі үлес қосады.

Компания өз кезегінде резервтегілердің білім алып, өсуі үшін барлық қажетті жағдайды жасайды.

Кездесу барысында резервтегі қызметкерлерді таныстырған комиссия мүшелері - басқарушы директорлар сөз сөйледі. Шараға сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның адам ресурстарын басқару бойынша бас директоры Д.Крюсберг қатысты.