«ҚазМұнайГаз» қазақстандық мұнай өндірісінің 110 жылдық мерекесін атап өтпек

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Биылғы жылы әлемдік қоғамдастық мұнай өндірісінің 150 жылдығын атап өтпек. Бұл атаулы күн қазақстандық мұнайдың 110 жылдығы мерекесімен тұспа-тұс келіп тұр. Яғни Қазақстанды қазір ежелден мұнай өндіріп келе жатқан мемлекеттердің қатарына енгізуге толық негіз бар.

Бұл туралы бүгін «ҚазЭнерджи» қауымдастығының имидждік саясаты жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Ғалым Тұмабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Бүгін біз «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының нәтижесін қорытындылайтын уақытқа жеттік. Қазақстан мұнайының 110 жылдық мерекесі дағдарыс кезеңіне сәйкес келді. Соған қарамастан, ағымдағы жылдың сәуір айының 1-інде Парламенттің қос палатасының бірқатар депутаттары еліміздің Премьер-Министріне биылғы жылы қазақстандық мұнайдың 110 жылдығы екендігін айтып, осыған орай арнайы шара ұйымдастыру жөнінде сауал жолдады. Депутаттар сауалдарында әлеуметтік мақсатқа бағытталған шара ұйымдастырып, оның барысында мұнай саласының мамандарына әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктер жасап, мұнай өндірілетін өңірлерде қайырымдылық шараларын ұйымдастыру қажеттігін айтты. Бұл бастаманы Үкімет басшысынан бастап, барлық министрліктер мен ведомство басшылары қолдады», дейді департамент директоры.Осыған байланысты отырыста аталмыш шараның өткізілуіне байланысты құрылған жоспармен таныстырды. Алайда, ол бұл құжаттың әзірге бастама ретінде ұсынылып отырғандығын атап өтті. «Біз қазір осы құжатты «ҚазМұнайГаз» компаниясы өкілдерінің ресми түрде бекітіп беруін күтіп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі келесі аптада белгілі болады деген ойдамын», деді Ғ.Тұмабаев. Отырыста жоспардың басым бағыттарына тоқталған оның айтуынша, мерекенің жобасынан шығынды көп қажет ететін той-томалақ түріндегі шаралар қысқартылған. Жоспарға сәйкес, мұнай, газ саласында маманданып жүрген үздік 20 студентке стипендия тағайындалады. Меркені атап өту шарасында мұнай саласының ардагерлеріне де үлкен көңіл бөлініп отыр. «Еліміз тәуелсіздігін алған жылдары Қазақстанда 200-ге жуық мұнай кеніштері болған. Олардың барлығы қазіргі ардагерлердің күшімен жүзеге асырылған жобалар», деді ұлттық компания өкілі.