«ҚазМұнайГаз» компаниясы 10 жылдың ішінде мұнай мен газды барлау, өндіру секторында қордың көлемін мұнай эквивалентінде үш есеге арттырмақ

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Мұнай мен газды барлау, өндіру секторында 10 жылдың ішінде компания қордың көлемін 2 миллиард тоннаға дейінгі мұнай эквивалентіне жеткізуді көздеп отыр.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «ҚазМұнайГаз» компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «ҚазМұнайГаз» компаниясының негізгі мақсаттарына тоқталған ол, «мұнай мен газды барлау, өндіру секторында 10 жылдың ішінде біздің қорды 2 миллиард тоннаға дейінгі мұнай эквивалентіне жеткізу мақсаты қойылды. Бүгінде ол 670 миллион тоннаны құрайды. Атап айтқанда, бұл көрсеткішті үш есеге арттырмақпыз», - деді. Қ. Қабылдиннің сөзіне қарағанда, мұнай мен газды тасымалдау саласындағы инфрақұрылымның қуаттылығын арттыру қаралып отыр. Осы орайда тасымалдау қуаттылығы тұрғысында мұнайды жылына 170 миллион тоннаға дейін, газды 180 миллиард тонна текше метрге дейін жеткізу жоспарлануда. Оның айтуынша, 2008 жылы ҚМГ компанияларының сатып алулары 142 миллиард теңгені құрады, оның 108 миллиарды (76 пайызы) қазақстандық үлеске тиесілі. Ал 2009 жылы ҚМГ қазақстандық тауарлар мен қызмет көрсету және сатып алулар үлесін 144 миллиард теңгеге немесе 90 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Мұнымен қоса компания мұнай өңдеу саласында өңдеу тереңдігін 82 пайызға жеткізуді, Қазақстанның мұнай өнімдері бөлшек нарығында ҚМГ үлесін 20 пайызға дейін ұлғайтуды, содай-ақ 2015 жылға қарай өнімді Еуро-3 стандартына жеткізуді межелеп отыр.