Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «KAZENERGY» 5-ші еуразиялық форумы аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында аталған компанияның басшысы Қайыргелді Қабылдин айтты.
«Rompetrol активтерін сатып алу вертикальды компания құру идеясына сәйкес келеді және қазіргі уақытта бұл активтер Еуропалық одақтағы қазақстандық мұнай үшін форпост болып табылады. Ол қазіргі таңда жаңартылу үстінде. Біз жаңарту үшін 1,5 миллиард доллар жіберетін боламыз және келесі жылдың ортасында Еуро-6 стандарты бойынша өнім шығаратын Еуропадағы ең заманауи актив аламыз», - деді компания басшысы өз сөзінде.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың ортасында «ҚазМұнайГаз» The Rompetrol Group NV (ТRG) компаниясының 25 пайыз акциясын сатып алуды аяқтаған болатын. Соның арқасында ҚМГ 100 пайыз ТRG акциясына иелік етіп отыр. Аталған компания Румыниядағы ірі мұнай-газ холдингі. Оның құрамына үш зауыт және Румыния, Франция, Испания, Молдова, Украина, Болгария, Грузия мемлекеттерінде орнатылған 1042 жанармай құю стансысы кіреді.