«ҚазМұнайГаз» компаниясының қаржылық-шаруашылық қызметінің өткен 10 айдағы қорытындысы дамудың оң қарқынын сақтап отыр

АНА. 29 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2010 жылдың өткен 10 айындағы компанияның қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындылары туралы хабарлады.

2010 жылдың қаңтар-қазан айларында компаниялар тобында мұнай және газ конденсатын өндіру шоғырландырылған деректер бойынша 18 238 мың тоннаны құрады, бұл 2009 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 17,49 пайызға артық.

Аталған мерзімде сондай-ақ мұнай өңдеу көлемі шоғырландырылған деректер бойынша 12 221 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 32,79 пайызға артық. Сонымен бірге Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауытында 9 465 мың тонна мұнай өңделді.

Ал «ҚазТрансОйл» АҚ магистралдық мұнай құбыры жүйесі бойынша мұнай тасымалдау көлемі 2010 жылдың қаңтар-қазан айларында шоғырландырылған деректер бойынша 54 594 мың тоннаны құрады, бұл 2009 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3,5 пайызға көп.

Қаңтар-қазан айларында «Интергаз Орталық Азия» АҚ магистралды газ құбыры бойынша табиғи газ тасымалдау көлемі 81 773 млрд. текше метрді құрады, бұл 2009 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 10,6 пайызға артық.

Қолайлы баға конъюнктурасы жиынтығында жоспарланған өндірістік көрсеткіштер деңгейіне қол жеткізу компанияның қаржы индикаторларының жұмысына оң әсерін тигізді.

2010 жылдың қаңтар-қазан айларында ҚазМұнайГаздың шоғырландырылған кірісі 1 842 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 13,64 пайызға артық.

Компанияда сонымен қатар инвестициялық саясат белсенді түрде жүргізілуде. 2010 жылдың есепті кезеңінде күрделі қаржы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 19,28 пайызға көтеріліп, 306,8 миллиард теңгені құрады.

Жалпы алғанда, 2010 жылдың қаңтар-қазан айларындағы қаржы-шаруашылық қызметтің көрсеткіштері ҚазМұнайГаздың оң даму қарқынын сақтап отырғанын көрсетуде.