«ҚазМұнайГаз» өндірілетін мұнай қорын 1 миллиард 600 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр

АТЫРАУ. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының кеніштерінде өндірілетін мұнайдың қоры алдағы жылдары 1 миллиард тоннаға дейін арттырылады, деп хабарлады компания басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин.

Оның айтуынша, бұл көрсеткіш, бірінші кезекте, барлау мақсатындағы бұрғылаудың ауқымын едәуір арттырудың есебінен еселенбек. Тек қана 2011 жылдың өзінде 21 барлау ұңғысын бұрғылау жоспарлануда. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштен үш есе көп. «Бүгінде өндіріліп отырған мұнайдың қоры 760 миллион тоннаны құрайды, біз бұл көрсеткішті 1 миллиардқа арттыруды жоспарлап отырмыз. Мұнайдың бір бөлігі осы кезеңнің ішінде өндірілетінін ескерсек, оның жалпы қоры бәрібір 1 миллиард 600 млн тоннаға артады», дейді Қ.Қабылдин.