«Үстіміздегі жылы ұлттық компания мамандарынан құрылған жұмысшы тобы еншілес және тәуелді кәсіпорындарда еңбекақы төлеу мәселелерін жан-жақты зерттеу жөнінде көптеген жұмыс атқарды. Еңбек ұжымдарында кездесулер ұйымдастырылды. ҚМГ компаниялар тобына кіретін кәсіпорындар мен бөлімшелердің әртүрлі деңгейдегі қызметкерлері мен басшыларының ескертулері есепке алынды», - делінген ақпаратта.
Жақын күндерде толық жасалып бітетін Бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесінің авторлары бұл жүйенің артықшылықтарына қазірдің өзінде сенімді. Ол компания тобындағы барлық бөлімшелердің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін болады. ҚМГ мамандарының айтуына қарағанда, жаңа жүйе теңгермешілдікті жойып, ҚМГ компаниялар тобына кіретін кәсіпорындар мен бөлімшелерде еңбекақы әр кәсіпорынның өндірістік көрсеткішіне қарай белгіленетін болады.
Кеңеске қатысушылар 2014-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы мұнай және газ кешені қызметкерлері кәсіподағының Салалық келісім-шартын жасау жөнінде өз ұсыныстарын білдірді. ҚМГ кәсіподақ активі жүз мыңнан астам мұнайшылар мен газ өндірушілердің, көптеген сервистік және мұнай өңдеуші кәсіпорындар өкілдерінің басын құрайтын республикалық қоғамдық бірлестік мәртебесіндегі мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлерінің бірыңғай салалық кәсіподағын құру идеясын ұсынды.
ҚР Кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықов бұл идеяны қолдайтындықтарын айта келіп, мұндай ұйымның құрылуы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ында әлеуметтік беріктікті нығайтудың қосымша факторы болатындығына назар аударды.
Кәсіподақ бірлестіктерінің жетекшілері мен ҚМГ компаниялар тобының еңбек ұжымдарының өкілдері шақырылған кеңес жұмысына ҚР Кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықов, «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетикалық кешендер ұйымдарының қазақстандық ассоцациясының атқарушы директоры Тоғжан Қожалиева, ҚМГ аппарат басшысы Андар Шоқпытов қатысты.