«ҚазМұнайГаз» өзіне тиесілі «Евро-Азия Эйр» әуетасымалдаушы компаниясын сатылымға шығармақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің Кешенді жоспары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Жекешелендіру бағдарламасының бірінші тізіміндегі ең ірі нысанның бірі - «Авиакомпания Евро-Азия Эйр» АҚ 100 пайыз акциялар пакетін сату жөнінде екікезеңдік ашық конкурс өткізу туралы хабарламасын жариялады.

«ЕАЭ-ні жекешелендіру «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының активтерді қайта құрылымдауына және дауыс беретін акцияларының кемінде елу проценті Қорға меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында тікелей немесе жанама тиесілі ұйымдардың активтер мен нысандарды сатуының бірыңғай қағидасына сәйкес жүзеге асырылады.

Тәуелсіз бағалаушы бағалау жүргізіп, ЕАЭ-ның 100 пайыз акциясының нарықтық құны 15 млрд. 599 млн. 339 мың теңгені құрады», - делінген ҚМГ таратқан хабарламада.

ЕАЭ-ны сату шарттарының аясында әлеуетті сатып алушы 5 жыл ішінде жекешелендіру нысанының бейінді қызметін сақтауға, персоналдың ағымдағы штаттық санын кемітпеуге және ЕАЭ мен оның қызметкерлерінің арасында жасалған еңбек келісімшартында көрсетілген іс жүзіндегі шарттарды, оның ішінде ағымдағы еңбекақы деңгейін төмендетпеуге міндеттенеді.

ЕАЭ-ны сату шарттары жөніндегі барынша егжей-тегжейлі ақпарат ҚМГ сайтында орналастырылған.

Жекешелендір нысанын әлеуетті сатып алушылардан келіп түскен өтініш берілген конверттерді ашу хабарлама жарияланған 30 күнтізбелік күннен кейін, 2016 жылдың 19 тамызында Астана уақыты бойынша 11:00-де бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өтеді деп күтілуде.

ЕАЭ - ҚМГ-нің 100% еншілес компаниясы. Оның қызметінің негізгі түрлері болып заңды және жеке тұлғаларға авиатасымалдау жөніндегі қызметтер көрсету, пайдалы қазбалар кеніштерін дамыту және игеру жөніндегі ұшуларды орындау, мұнай және газ құбырларына, электр жүйелеріне қызмет көрсету болып табылады.