«ҚазМұнайГаз» ҰК Қызылорда облысында 5,5 мың тұрғын үй мен 1200-ге жуық коммуналдық-тұрмыстық мекемелерді табиғи газбен қамтамасыз етеді

АНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат - 10 наурызда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин Қызылорда облысының «ҚазГерМұнай» БК ЖШС, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ мұнай-газ компанияларының еңбек ұжымдарымен кездесті.

ҚМГ компаниясының баспасөз баянында айтылғандай, кездесу барысында «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобының 2010 жылғы қызметінің қорытындылары шығарылып, Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» Жолдауын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасының төрағасы Қ.Қабылдин өз баяндамасында «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобының 2010 жылы негізгі көрсеткіштер бойынша өндірістік жоспарды артығымен орындағанын атап айтты.

Мәселен, мұнай және газ конденсатын өндірудің шоғырландырылған көлемі 2010 жылы 22 млн. тоннаны құрады, бұл жоспардағыдан 4%, ал 2009 жылдың көрсеткішінен 17% артық. Өндірудің жалпыреспубликалық көлеміндегі компанияның үлесі 28% өсті.

- 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мақсатында 2010 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясы Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының құрылысын бастады, бұл газ құбыры Қызылорда облысының аумағы арқылы өтеді, - деді Қ.Қабылдин.

«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының құрылысы барысында 3500-ге жуық қазақстандық маман жұмысқа тартылады. Құбыр Іске қосылған соң 500-ге тарта жұмыс орны ашылады.

Жергілікті елді мекендерді одан әрі газдандыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2011-2012 жылдары Қызылорда қаласының газ әлі жеткізілмеген аудандарын табиғи газбен қамтамасыз етуді жоғары қысымды жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын, төмен қысымды - 207 шақырым болатын, жалпы өткізу қабілеті сағатына 21 950 текше метрлік газ құбырларын салу арқылы қамтамасыз етуді жоспарлап отыр, сондай-ақ 6 газ таратушы пункттер (ГТП) мен 5 шкафтықтаратушы пункттер (ШТП) орнату көзделген.

Сонымен бірге Әл-Фараби, Саяхат, Жаңа ауыл мөлтек аудандары, Бейбарыс, Рисмаш аудандары, сондай-ақ Қызылорда қаласының Титов кенті аудандарының жұртшылығы мен коммуналдық-тұрмыстық мекемелер газбен қамтамасыз етілетін болады.

Бұл жобаны жүзеге асыру 5,5 мың тұрғын үй мен 1200-ге жуық коммуналдық-тұрмыстық мекемелерді табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

- Көпмақсатты спорт алаңдарын салу бағдарламасы шеңберінде биылғы жылы Қызылорда қаласында балалар үшін футбол, волейбол, баскетбол және спорттың басқа да бұқаралық түрімен айналысуға арналған «ҚазМұнайГаздың» спорт алаңы салынатын болады, - деді Қ. Қабылдин.

Еңбек ұжымдарымен кездесуде баяндама жасаған «ҚазГерМұнай» БК ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Әнуар Ахметжанов «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобына енетін «ҚазГерМұнай» компаниясы Қызылорда қаласының қажеттіліктері үшін Қазақстандағы ең төмен баға бойынша газ жеткізіп тұратын бірден бір оператор екенін атап өтті. 2010 жылы кәсіпорын 52 385 тонна сұйытылған газ және 217 881 000 текше метр тауар газын өндіріп, жеткізген.

Кездесу барысында «ҚазГерМұнай» БК ЖШС, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ еңбек ұжымдарының өкілдері және жиналысқа қатысушылар халықтың әл-ауқатын нығайтуға бағытталған Елбасының жаңа әлеуметтік саясатын бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ - Қазақстанның мұнай-газ саласындағы мемлекеттің мүдделерін білдіретін көмірсутегілерін барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдау, жөніндегі қазақстандық ұлттық оператор. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларының 100%-і «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-қа тиесілі.