«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Өріктау жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізді

АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат - Өріктау кен орнындағы мұнайлы жиектеу және газ-конденсат кенін тәжірибелік-өндірістік пайдалану жобасына арналған Қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасы (одан әрі - ҚОӘБ) бойынша кеше Ақтөбе қаласында қоғамдық тыңдау өткізілді.

Компания баспасөз қызметінің атап өтуінше, жиынға жергілікті атқарушы және билік органдарының, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер және басқалар қатысқан.

«Өріктау кен орнындағы мұнайлы жиектеу және газ-конденсат кенін тәжірибелік-өндірістік пайдалану жобасын» «ҚазҒЗМИмұнайгаз» АҚ жобалау институты, ал ҚОӘБ жобасын «Olympex Advisers» мамандары әзірледі. Ұсынылған жобада Өріктау кен орнын тәжірибелік-өндірістік пайдаланудың (ТӨП) қоршаған ортаға ықтимал әсері қаралады. Сонымен қатар жұмыста қоршаған ортаға оператордың шаруашылық қызметінің салдарын мейлінше азайту жөніндегі іс-шаралар жоспары қамтылған.

Тәжірибелік-өндірістік игеру үрдісінде газ-конденсат кенін сарқылу режімінде өндіру үшін 8 және мұнайлы жиектеу үшін қабатты қысымды қолдау режімінде жұмыс істейтін тағы да 8 пайдалану ұңғымаларын жарату болжанып отыр. Мұнайды өндіру кезінде соңғы екі ұңғымаларды қабатты қысымды қолдау режіміне ауыстыру жоспарлануда. Тәжірибелік-өндірістік игерудің үшінші жылында газды өндіру көлемін - 997млн.текше метрге дейін жеткізу көзделуде, газ-конденсатын өндіру 268 мың тоннаны құрайтын болады, ал мұнай өндіру көлемі кен орнын пайдаланудың бесінші жылында 44,5 мың тонна болады деп жоспарлануда.

Өріктау кен орынында тәжірибелік-өндірістік пайдалану кезеңінде қоршаған ортаға өндірістік жұмыстардың әсерін бағалаудың екі тәуелсіз әдістері бойынша салыстырмалы нәтижелер алынған болатын.

«Өріктау Оперейтинг» ЖШС барлық жұмыстарды ҚР табиғатты қорғау заңнамасына сәйкес орындауға міндеттенеді. Оператор өндірістік қызметкерлер мен жергілікті халықты әлеуметтік қорғауды жүзеге асыруға ниетті.

Өріктау газ-конденсатты кен орнын игеру Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірлерін газбен қамтуға арналған әлеуметтік жоба болып табылады және «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» магистральды газ құбыры құрылысының жобасын іске асырудың бір буыны болып табылады.

Аталған жобаны іске асыру Қазақстан Республикасының ішкі нарығын молайту үшін көмірсутек өндіру көлемін өсіруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Өріктау мұнай-газ кен орны 1983 жылы ашылған. Мұнайгазконденсатты кен орынның көмірсутектерінің алғашқы қорлары Мемлекеттік балансқа 1988 жылы қойылған. Еркін газдың, конденсаттың, мұнайдың және еріген газдың алғаш геологиялық қорлары мөлшер бойынша - 39815 млн.м3, 11623мың.т, 6493 мың.т және 2389 млн.м3 сәйкес, олар КСРО Қорларының Мемлекеттік Комитетінде (МТҚ № 10526 хаттамасы, 1988ж.28қазан) бекітілген.