«ҚазМұнайГаз» үздік журналистерді марапаттады

АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен өткен «Қалам қуаты» атты журналистік байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Биыл әділ қазылар алқасының қарауына 90-нан астам баспа және бейне материалдар түсті. Соның ішінен 13 қатысушының жұмысы іріктелді. Осылайша, байқаудың бас жүлдесін «Панорама» газетінің шолушысы Елена Бутырина жеңіп алса, бірінші орынға «Алаш айнасы» газеті және «Петролиум» журналы ие болды. Екінші орында - «Қазақстан-Заман» газетінің тілшісі Светлана Муньянова және «Интерфакс-Қазақстан» ақпараттық агенттігінің корреспонденті Елена Преображенская, ал «Мұнайлы Астана» газетінің бас редакторы Құттыгерей Смадияр, «Деловой Қазақстан» газетінің журналисі Юрий Цай және «Хабар» телеарнасының жеке тілшісі Виктор Сутягин үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ бірқатар журналистерге арнайы алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.