Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында «ҚазМұнайГаз» компаниясының Мұнай өңдеу және маркетинг жөніндегі басқарушы директоры Данияр Тиесов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңғыртудың келесі кезеңін іске асыру және оған айтарлықтай қаражат тарту үшін «ҚазМұнайГаз» компаниясы жақында оны жаңғыртуға бұрындары тартылған бүкіл несиелер бойынша есеп-қисап жүргізу жөнінде шешім қабылдады. Мен бұл жаңалықты алғаш рет хабарлап отырмын», деді баспасөз мәслихатында Д. Тиесов.
Оның сөзіне қарағанда, Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғыртудың бірінші кезеңі Қазақстанның мемлекеттік кепілдемесімен Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық банкінің несиесін тарта отырып жапондық компаниялардың қатысуымен 2003-2006 жылдары іске асырылған. Несие 2006 жылы толығымен игерілген. Содан кейін қарызды өтеу басталған. «Қарыз жапон валютасы - иенмен тартылғанын және иеннің бағамы ылғи да өзгеріп отыратынын ескере отырып, қазіргі уақытта 145 млн. доллары мерзімінен бұрын өтелгенін айта аламын», деді ол. Оның айтуынша, қарыз негізінен 2014 жылы өтелуі тиіс болатын және эквивалентте оның жалпы сомасы 235 млн. долларды құраған.