«Ішкі істер министрлігінің цифрландыру бойынша жүргізген жұмыстарының нәтижесінде бейнебақылау камераларының саны өсіп, қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға оң ықпалын тигізді. Полиция қызметкерлерін планшеттермен жабдықтау бойынша да жақсы өсім байқалып отыр. Осы орайда қылмыстық істердің 90 пайыздан астамы электрондық форматта жүргізіліп жатыр», - деді Б. Мусин.
Сонымен қатар ол «Kaznedra бірыңғай платформасы» бойынша 15 қыркүйектен бастап тестілеу режимінде minerals.gov.kz іске қосылатынын айтты.
«Қазірден бастап пайдаланушының жеке кабинетінде интерактивті картаға басылған жер қойнауы туралы бір жарым мың электронды есеп бар. Осы жылдың соңына дейін біз жер қойнауы бойынша қосымша 30 мың есепті электрондық нұсқаға көшіреміз. Бұған қоса, платформа арқылы жер қойнауын барлауға тиісті лицензияға өтінім беру және уәкілетті мемлекеттік органмен өзара электронды хат алмасу мүмкіндігі жасалды. Алдағы уақытта бұл платформа жер қойнауын пайдаланушылар үшін market place ретінде қызмет етеді», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру 94 пайызға жетті.