13:08, 26 Наурыз 2009
«Kaznex» корпорациясы мен «КОІСА» корейлік агенттігінің Қазақстанда экспортты дамыту жөніндегі бірлескен жобасы мәреге жетті
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанадағы «Риксос» қонақүйінде «Эскпорттың ілгерілеуі және оны дамыту: әлемдік тәжірибе және Қазақстанның болашағы» атты ІІ Халықаралық форум өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Форум «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ-ның жанындағы «Kaznex» экспортты ілгерілету және дамыту жөніндегі корпорациясы мен «КОІСА» халықаралық байланыстар жөніндегі кореялық агенттіктің арасындағы бірлескен жобалардың қорытындысын шығаруға арналды. Инвестициялар мен сауданы дамыту жөніндегі корейлік «КОТRА» агенттігі «Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтарды жетілдіру және экспортты ілгерілету бағдарламасы» аясында жүзеге асырылған жобалардың операторы болды. Корея Республикасының Қазақстандағы Елшісі Ли Бен Хваның атап көрсеткеніндей, «КОІСА» жобаларының негізгі мақсаты ? 70-80 жылдары экономикалық дамудың шарықтау шегіне жеткен Кореяның тәжірибесін зерттеу. «Менің ойымша алынған тәжірибелер Қазақстан үшін де пайдалы. Соңғы екі жарым жылда корейлік сарапшылар Қазақстанда болып, экономиканы жетілдіруге қатысты тәжірибелермен бөлісті. «КОІСА»-ның жұмысы бүгінгі форуммен аяқталып жатқанымен, «КОІСА» мен Корея Үкіметі аталмыш бағыттағы жаңашылдықтармен алдағы уақытта да бөлісіп тұруға ниетті», - деді ол. Жобаға 4,8 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, ол 2007 жылдың аяғында жүзеге асырыла бастады. «Kaznex» корпорациясының басқарма бастығы Ерлан Арыновтың айтуынша, оның шеңберінде Корея, Малайзия, Сингапур, Австрия елдеріндегі экспорттың даму үрдістеріне зерттеу жүргізіліп, қажетті ұсынымдар әзірленді. Қазақстандағы экспортты қолдаушы құрылымдар мен заңнамалардың толық жиынтығы мен сақтандыру, кедендік рәсімдеулер және басқа да қажетті анықтамалық ақпараттарды қамтыған экспорттаушыларға арналған ақпарат-кітапша дайындалды. Экспорт мәселесіне қатысты оқыту курстары мен шет елдерге турлар ұйымдастырылды. Қазақстан жобаны жалғастыру жөнінде ұсыныстармен шығуда.