Қазпошта Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің серіктесі болды (ФОТО)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Қазпошта» АҚ ынтымақтастық туралы меморандумды бекітіп, осы құжатқа сәйкес пошта операторы «Көрме серіктесі» мәртебесіне ие болды.

Қол қою рәсіміне «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен «Қазпошта» басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысты. Атап айтқанда, тармақты пошта филиалдары жүйесінің көмегімен осынау ірі ұлттық жобаны бүкіл Қазақстан ішінде және «Қазпошта» желісі орналасқан жерлерде ілгерілету мүмкін болады. «Біздің аппараттар келіссөздер жүргізіп, осы орайда Қазпошта көрме серіктесі ретінде іске қосылып, 1 750 000 еуро сомасында қызмет көрсетуі қарастырылды. Бұл тұрғыда Қазпоштада барлық мүмкіндіктер бар», - деді А.Есімов. Белгілі болғандай, ЭКСПО-2017 логотипі және көрме туралы ақпараттық материал баспа промоөнім бетінде, пошта бөлімшелерінде, банкоматтардың экрандарында орналастырылатын болады. Осыдан басқа, ЭКСПО-2017 кәдесыйларын және көрмеге кіру билеттерін ең үлкен қазақстандық дистрибьюторлық жүйе арқылы сату жоспарлануда. «Елдегі ең тармақты филиалдар жүйесіне ие бола отырып, біз брендті еліміздің әр жерінде ілгерілету бойынша бірлескен жоспарды әзірлеуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар Дүниежүзілік пошта одағының мүшесі бола отырып, біз көрмені бүкіл әлемде өз серіктестеріміз арасында таратуға жағдай жасайтын боламыз», - деді Б.Мусин.