«Қазпошта» ауылдағы бос ғимараттарды әлеуметтік нысандарға беруді пысықтап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазпошта» АҚ пошта бөлімшелерінің алаңдарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлім етті.

Фото: ҚазАқпарат

Үкімет басшысының айтуынша, аталған жұмыс аясында ауылдық елді мекендердегі бос тұрған үй-жайларды әлеуметтік маңызы бар нысандарға жеңілдікті шарттармен беру тетіктері қарастырылып жатыр.

– Пошта бөлімшелерінің пайдаланылмай тұрған алаңдарын беру үшін жеке бағдарлама әзірлеу қажеттілігі жоқ. Себебі бұл бағыттағы жұмыстар «Қазпошта» АҚ тарапынан өз құзыреті шеңберінде дербес жүзеге асырылуда, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар мерзімді баспа басылымдарын жеткізуді субсидиялау функциясын Мәдениет және ақпарат министрлігіне беру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.

– «Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, баспа бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік қолдау мемлекеттік емес БАҚ-қа гранттар беру және мемлекеттік ақпараттық тапсырыс тетіктері арқылы іске асырылады, – делінген құжатта.

Бұған дейін ауылдық пошта қызметін субсидиялауға 500 млн теңге бөлінетінін жазғанбыз.