«Қазпошта» ауылдағы бөлімшелерін жаппайды - Б. Мусин

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпошта» АҚ өзінің ауылдағы бөлімшелерін жаппайды. Бүгін «Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат Қоры» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен кеңесте «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин осылай айтты.

Компания басшысының сөзіне қарағанда, бүгінгі күні «Қазпошта» филиалдық желісі ең ауқымды жүйе болып табылады. Атап айтқанда, республика бойынша пошта байланысының 3 131 стационарлық өндірістік нысандары жұмыс істеп тұр. Оның 2 185-і ауылдық елді мекендерде. «Республикамыздың аумағындағы ауылдардың 90 пайызы негізгі қаржылық қызмет түрлеріне қолжетімділікті компания бөлімшелері арқылы жүзеге асырады. Біз өз ісімізге жауап береміз, ал ауылдық бөлімшелерді жабу - бұл біз таңдаған жол емес. Сондықтан да, біз трансформация аясында барлық бағыттарды қарастырамыз. «Қазпошта» АҚ үшін осал деп саналып келген тұсты ең күшті жаққа қарай ауыстырмақпыз», - деді Б.Мусин.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта табыстылық деңгейін арттыру, жаңа жобаларға қаражат салып, мекеме қызметкерлерінің жалақысын өсіру үшін компания филиалдардың ауқымды желісін пайдалану тәсілдері қарастырылады. «Осының барлығы компания қызметкерлерінің жаңа технологияларды қаншалықты тиімді пайдалана алатындығына байланысты болып табылады», - деді «Қазпошта» басшысы.