«Қазпошта» келесі жылы Қазақстанда электронды пошта маркаларын айналымға енгізуді жоспарлауда

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Қазпошта» келесі жылы Қазақстанда электронды пошта маркаларын айналымға енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін тілшілерге «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Аркен Арыстанов мәлім етті.

«Біз тек қана филателисттік маркаларды ғана емес, электронды маркаларды да шығару бағытында жұмыс жасаудамыз. Пошта маркалары төлеу құралы болғандықтан, оларға сұраныс өте жоғары», - дейді компания басшысы.

Оның айтуынша, келесі жылдан бастап шығатын электронды маркаларға адамдар өз суреттерін басып шығара алатын қызметке де қол жеткізуі мүмкін.

«Алғашқы тұтынушылар электронды пошта маркаларына өздерінің логотиптерін енгізу құқығына ие болып қалуы да ғажап емес. Әлемде клиенттердің атаулы маркаларын басып шығару тәжірибесі бар. Яғни маркаға адамдардың фотосуреті немесе компания логотиптері енгізіліп, шектеулі таралыммен айналымға шығару мүмкіндігі қарастырылған», - дейді А. Арыстанов.

Сонымен қатар «Қазпошта» компаниясы жақын арада қазақстандықтарға филателистік маркаларды интернет арқылы сатып алу қызметін ұсынбақшы.

«Қазіргі уақытта біздің компания жаңа қызметтерді енгізу үстінде. Соның бірі - интернет арқылы пошта маркаларын сатып алу мүмкіндігі. Біз пошта бизнесіне заманауи инновациялық жобаларды іске асыруға құлықтымыз», - деп түйіндеді А. Арыстанов.