«Қазпошта» ҚХА-ның 20 жылдығына арналған марка шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған марканың бірі почта блогының айналымына шығарылды. «Естелік және мерейтойлық күндер» сериясы бойынша шығарылған марканың номиналы 200 теңгені құрайды, деп хабарлайды «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметінен.

Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1992 жылы Тәуелсіздіктің бір жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында алғаш рет айтқан болатын. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде мәртебесін айқындайтын Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлық шықты. Кейіннен Қазақстан халқы Ассамблеясы берік құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық орган болып өзгерді.

Жоғарыда аталған марка 4 бояудағы офсетті тәсілмен жасалған, блок өлшемі 104х72 мм, марка өлшемі 52х36 мм, тираж 5 мың данадан тұрады, дизайнын суретші Сергей Маршев әзірледі. Почта блогы «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің банкнот фабрикасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басып шығарылды.