«Қазпошта» клиенттері интернет арқылы төлем жасай алатын болады

АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат -«Қазпошта» клиенттері интернет арқылы төлем жасай алатын болады. Олар үшін мұндай мүмкіншілікке компания Visa International халықаралық төлем жүйесінің негізгі мүшесі мәртебесін алғаннан кейінгі сертификаттау процедурасы аяқталғаннан соң ие болады, деп хабарлады www.halyk-ipo.kz сайты.

«Біз сертификаттау процесін ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауға үміт артып отырмыз. Нәтижесінде біздің клиенттер СМС және интернет-банкинг арқылы ақшаны картадан картаға, сонымен қатар түрлі есепшоттар мен депозиттерге аудара алатын болады», - деп хабарлады www.halyk-ipo.kz порталына «Қазпошта» АҚ карточкалық өнімдер департаменті директорының міндетін атқарушы Манарбек Әбенов.
Осылайша, компания мәселен, тауарға тапсырыс беріп, төлем жасаудан бастап оны клиентке жеткізіп беруге дейінгі электронды коммерция қызметтерінің кешенін ұсына алатын болады. Оған қоса, компания клиенттеріне үйде отырып не болмаса кеңседен құнды қағаздарды қоса алғанда тауарлар мен қызметтерді сатып алу үшін есепшоттан ақша аудару мүмкіндігі беріледі.
«Visa халықаралық төлем жүйесінің негізгі қатысушысы мәртебесін иеленумен қатар «Қазпошта» сауда эквайрингі мен электронды коммерцияға да лицензия алды. Бұл таяу аралықта «Қазпошта» шығарған Visa картасын иеленушілер үшін қызметтер спектрін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деп мәлім етті «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ермек Пірімбетов. Оның бұл сөзі аталған компания бүгін таратқан баспасөз хабарламасында келтірілген.