Қазір дәрігерге жүгінген балаға кем дегенде 3 диагноз қойылады - педиатр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облыстық балалар ауруханасына тәулігіне кем дегенде 300-ге жуық бала ем-дом іздеп келеді. Статистикаға жүгінсек оның 60% шұғыл көмекті, 40% амбулаторлы ем мен диагностиканы қажет етеді. Бұл емдеу орнына қосымша салмақ салып тұр. Ақтөбе облыстық балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі, педиатр Айдана Сейітқалиева Kazinform тілшісіне сұхбат берді.
— Ақтөбе облыстық балалар ауруханасы бүтін бір облыстағы ахуалды бағамдауға мүмкіндік беретін емдеу орны. Қазіргі кезде балалар арасында қандай аурулар жиі кездеседі?
— Бірінші орында ЖРВИ тұр. Барлық науқастың 60% осы дертке шалдығып, көмек сұрайды. Ал екінші орында — дене жарақаты. Балалар травматологқа жиі қаралады. Үшінші орынға түрлі асқазан-ішек жолдары ауруларын қоямыз. Балалардың іші өтіп, құсып, жедел іш, ішек инфекцияларымен жиі келеді. Төртіншіден, құлақ ауырсынуы мен іріңді аурулары, аллергия симптомдары, ауыз қуысы мен бет-жақ аурулары тұрады. Педиатр ЖРВИ, бронхит, пневмония, жаңадан пайда болған барлық ауру түрлерін алғашқы 2-3 күнде қарайды. Бұл дегеніміз, науқастардың тең жартысы. Ал қалған 30% — травматологқа, 20% — хирургқа жүгінеді.
— Ақтөбеде көмек сұрап келген әр балаға ем жүргізіп, ота жасауға мүмкіндік бар ма?
— Иә, балалар арасында кездесетін аурудың 85% осы өңірде емделеді, қажет кезде ота жасалады. Ақтөбе көпсалалы балалар ауруханасы үшінші санатта көмек көрсететін медициналық мекеме. Ал республикалық деңгейде көмек көрсететін ауруханаларға қалған 15% жіберіледі. Оларға облыстық аурухана емес, емханалар, аудандық ауруханалар да жолдамамен бағыттай алады.
— Жаз мезгілінде полиция, төтенше жағдай қызметімен бірге дәрігерлер де жиі ескертіп, ата-аналарға құлаққағыс етіп отырады. Себебі дәл осы шақта терезеден құлап кетеді, ойын алаңдарында мертігіп, жарақат алады…
— Иә, жаз айларында мұндай дерек кездеседі. Балалар арасында тұрмыстық жағдайда жарақат жиі кездеседі. Бала құлап қалады немесе ойнап жүргенде үстіне үстел, шакф құлап кетеді. Ал терезеден, балконнан секіру, құлап кету дерегі жиі кездеспейді, бірақ бұл да бар, одан да сақтану керек. Сонымен бірге балалар ит-мысықпен ойнайды, кейбірі қуалап жүріп, жанынан тастамайды. Көшедегі танымайтын үй жануарының қауіпті екенін ескертіп отырған дұрыс деп ойлаймын. Себебі балаларды ит қауып, мысық тырнап алатын жағдайлары да жиі кездеседі.
— «Ұшықтап жіберіп», уақыт өткізіп алатындар бола ма?
— Ара-тұра кезігіп қалады. Олар травматологтарға жүгінеді. Көбіне күндіз ата-аналары жұмыста болады, баласының жағдайын кешкілік қана көреді. Ол кезде тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға баруға уақыт кеш, кейін облыстық ауруханаға келіп, көмек сұрайды. Қатты ауырғанда, жанына батқанда көмек сұрайтыны жасырын емес.
— Емханаларда, ауруханаларда ашық есік күні өткізіліп тұрады. Ата-аналар осы ашық есік күніне келе ме? Келсе олар бұрын білмейтін, бірақ емдеуді қажет ететін аурулары туралы алғаш рет естіген кезі болды ма?
— Мұндай жағдай өте сирек болады. Ата-аналар балалары өмірге келген күні-ақ перзентханада тексеріліпп, қажет ем жасалатынын біледі. Кейін ем алады, сол бағытта дәрігер бақылауында болады. Ал дерті ауыр, республикадағы белді емдеу орны мамандарының кеңесі қажет болғанда ашық есік күніне келіп, ем бағытын біледі. Аяқ астынан бір жері ауырып, өзін жайсыз сезінгендер, қабылдау бөлімінде диагнозын біледі. Ондай ауруға қаны аздық, аллергия, асқазан-ішек жолдары дерті жатады.
Шын мәнінде бала 1 жасқа толғанша 12 рет педиатрға баруы тиіс. Сонымен бірге невропатолог, ЛОР дәрігері, көз дәрігеріне қаралуы керек. Уақытылы бармаса, дерт асқына бастауы мүмкін. Ауруханаға өзге дертімен келіп, екінші ауруын анықтайтын кездер де кездеседі. Осыдан 5-6 жыл бұрын қабылдау бөлімінде тексеріп, диагноз қойғанда тек бір ауруды жазсақ, қазіргі кезде бір балада кемінде 3 диагноз тұрады. Бұл педиатр маманның жетіспеушілігінен немесе уақытылы емханаға бармағаннан, қаралып, тексерілмегеннен болуы ықтимал.
— Педиатр мамандығы жабылып, арада бірнеше жыл өткен соң қайта ашылды. Енді оң әсерін тигізіп, мәселе шешілер ме екен?
— Иә, қазір педиатрларды қайта оқыта бастады. Бірақ екі аралықты қайта жалғау үшін 8-9 жыл уақыт керек болады. Педиатрларды 2024 жылдан бастап қайта оқытты десек, олар 7 жыл білім алады кемінде. Ал емханаларда жаңа туған нәресте 6 жасқа толғанша педиатр қарайды. 6 жастан 18 жасқа дейін жалпы тәжірибелі дәрігерлерге беріледі. Бала анасымен бірге үйге шыққан соң арада үш күн өткенде педиатр үйіне барады. Баланың ұйқысы тыныш па, қалай тамақтанып жатыр, денесінде сары дақ бар ма, туа бітті патологиясы туралы деректер жиналады. Анықтайтын да, әрі қарай дұрыс өсіп-жетілуі де әсер ететін де білікті педиатр десеп артық айтпаспын.
— Педиатрия саласында қандай қиындықтар, проблема бар?
— Педиатрия екіге бөлінеді. Біріншісі амбулаторлы-емханалық педиатрия. Бұған қаладағы емханалар, аубулатория жатады. Екіншісі стационарлы педиатрия. Бұл дегеніміз балаларға алғашқы көмек көрсету, жедел ауруларды емдеу. Амбулаторлық емханалық деңгейде педиатрлар бала өмірге келгеннен бастап жұмыс істейді. Олардың күтімі мен екпелерін дұрыс алуы, физикалық дамуы сол мамандардың жауапкершілігіне байланысты. Ал ауруханаға ауру асқынса, ем нәтиже бермесе жібереді.
Қазіргі кезде жан-жақты тексеріп, диагноз қоймай-ақ ауруханның қабылдау бөліміне жібереді. Анализ алу, рентген түсіру секілді мүмкіндік қолда бар болса да емхана қабылдау бөліміне бағыттауды құп көріп отырады. Бұл ауруханының қабылдау бөліміндегі жүкті арттыра түседі. Мұнда кемінде тәулігіне 300 баланы қабылдап, ем-дом жолын айтамыз, көрсетеміз. Патологиясы бар, ауру балаларға көңіл бөлінбей қалып жатса, соның бір себебі осында. Сондықтан ата-аналарға сабыр сақтап, алдымен емханадан ем алуды ұсынамыз.
Аурудың алғашқы белгілерінен-ақ өз мекенжайындағы педиатрға жүгінсе, мұндай қиындық болмас еді. Аурухананың қабылдау бөліміне келген балалардың 70% үйіне қайтады, тек 30% жатып, ем қабылдайды. Кейде ем іздеп келушілердің ата-аналары мен дәрігерлер арасында реніш, түсініспеушілік осыдан туады. Сағат 17:00–ден сағат 08:00–ге дейін адам көп болады.
— Ата-аналарға кеңес…
— Жүктілікті жоспарлау болса, көптеген инфекциялық аурудың алдын алуға болады. Инфекция балаға беріледі. Сонымен бірге жүкті әйел қаны аздық дертіне шалдықпауы тиіс. Анемия болса бала дұрыс дамымай қалады. Инфекция мен анемия туа бітті дертке әкеп соғады. Тағы бір кеңес, бала өмірге келген соң уақытылы учаскелік педиатрға қаралып, баланың күтімін білсе дейміз. Қай кезде скрининг өткізетінін, анализ тапсыратынын білген жөн. Балаға берер тағамның құрамы да маңызды. Ет, сорпа беріп, майы мен қанты көп тағамды аз тұтыну керек. Фастфуд мүлде болмайды. Дәруменді табиғи жолмен алған маңызды. Бала тамақ ішкен соң жарты сағаттай далада жүріңіз.
— Белсенді қоспа ше?
— Кейбірінде оның құрамы белгісіз. Одан кері әсері болатын кезі де кездеседі.