«Қазір де қирап жатыр»: Фельдшер қаза тапқан үй тұрғындары алаңдаулы

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта куәгер, қасбет құлаған үй тұрғыны Марина Самсонова жауап беріп, үй шатырындағы мәселелер, ғимараттың қасбет құлағанша және құлағаннан кейінгі жағдайы, сондай-ақ кейін жүргізілген сараптама нәтижелері туралы айтып берді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Куәгердің айтуынша, үйдің шатырындағы мәселелер бірнеше жыл бұрын пайда болған. Тіпті 2014 жылы ол пәтерін су басуына байланысты бұрынғы КСК төрағасына қарсы сотқа талап арыз берген.

Марина Самсонова бірінші кіреберістің тоғызыншы қабатында тұрады. Оның айтуынша, 2025 жылғы 8 қарашадағы қасбет құлағаннан кейін үйдің жекелеген бөліктерін күшейту жұмыстары жүргізілген. Алайда кейін қабырғаларда жаңа жарықтар пайда болған.

— Қазіргі таңда үйдің жағдайына алаңдаймыз, қауіпсіздігіне қорқамыз. Қазір тоғызыншы қабаттағы жарықтар ұлғайып, төмен қарай таралып жатыр. Жарықтардың динамикасын бақылау үшін арнайы құрылғылар орнатылған, — деді куәгер.

Куәгер қасбет құлағаннан кейін жүргізілген сараптама нәтижесіне де тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылғы 26 ақпандағы қорытындыда үй апат алдындағы жағдайда деп танылып, оған төртінші дәреже берілген.

— Мен бұл үйде 20 жылдан астам уақыт тұрамын. Қабырғаның кез келген сәтте құлауы мүмкін екенін білмедім. Сараптама қорытындысында кірпіш қалауындағы ақау, қалау кезінде арматуралық тордың болмауы және тиісті бекітудің жасалмағаны көрсетілген, — деді Марина Самсонова.

Куәгердің айтуынша, қасбет құлағаннан кейін тұрғындар жаңа оқиғаның алдын алу үшін мемлекеттік органдарға ұжымдық өтініштер жолдап келеді. Тұрғындарды әсіресе үй маңындағы балалар алаңының қауіпсіздігі алаңдатады.

— Бұдан әрі де құлау болады ма деп қорқамыз. Үйдің жанында балалар алаңы бар. Егер кірпіштер құлайтын болса, тағы адамдар қаза болуы мүмкін, — деді ол.

Бұған дейін айыпталушы Сәуле Жұбаниязоваға дейін Пәтер иелері кооперативін басқарған Гүлжаухар Ахметовадан жауап алынған еді.

Фельдшер өлімінен кейін ТЖД бөлімше командирінің қызметі төмендеген.