– Әбиба, биыл жарақат алып, біраз жарыстан тыс қалғаныңызды білеміз. Қазір жағдайыңыз қалай? Толық қалпыңызға келе алдыңыз ба?
– Иә, қазір толыққанды жаттығу процесіне қайта оралдым. Жарақат бұрынғыдай мазаламайды. Алғашқы кезеңде дәрігерлер мен бапкерлердің барлық кеңесін мұқият орындап, сақтықпен жұмыс істедік. Қазір өзімді жақсы сезінемін.
Барлық назарым Азия ойындарына ауған. Қазір мен үшін ең маңыздысы – сол жарысқа тыңғылықты дайындалу. Сондықтан жарақатты өткен кезең ретінде қабылдап, алдағы додаға бар күшімді салып жатырмын.
– Үлкен спортқа жарақаттан кейін қайта оралу психологиялық тұрғыдан қиынға соқты ма?
– Менің ойымша, ең бастысы – психологиялық дайындық. Жарақат алғаннан кейін көптеген спортшыда сол қозғалысты қайта жасауға деген қорқыныш пайда болады. Бірақ кәсіби спортта мұндай сезімге бой алдыруға болмайды.
Өзім алдыма нақты мақсат қойдым. Сол мақсатқа жетуге деген ұмтылыс барлық күмәннен әлдеқайда күшті болды. Сондықтан жұмысты тоқтатпай, дайындықты жалғастырып келемін.
– Азия ойындарына дайындық қалай өтіп жатыр? Бұл жарысқа қандай мақсатпен барасыз?
– Дайындық жоспарға сай жүріп жатыр. Жыл бойы оқу-жаттығу жиындарындамыз. Барлық жұмысымыз осы маңызды додаға бағытталған.
Әр спортшы төрт жылдық циклге белгілі бір мақсатпен келеді. Біздің мақсатымыз да айқын – алтын медаль жеңіп алу. Азия ойындарына қатысу үшін емес, жеңіс үшін барамыз. Сондықтан әрбір жаттығудың жауапкершілігі өте жоғары.
– Қазір ұлттық құрамада спорттық аналитика мен бейнеталдаудың рөлі қандай?
– Қазір бұл дайындықтың ажырамас бөлігіне айналды. Бапкерлермен бірге қарсыластарымыздың белдесулерін тұрақты түрде қарап, олардың әдіс-тәсілдерін, күшті және әлсіз тұстарын зерттейміз.
Мен бұған дейін де осылай дайындалатынмын. Бейнеталдау жарыс кезінде түрлі жағдайға дайын болуға көмектеседі және өз-өзіңе деген сенімділікті арттырады.
– Әлеуметтік желілер спортшы үшін мүмкіндік пе әлде артық қысым ба?
– Мен әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізбеймін. Бос уақытым болса ғана парақшаларыма кіріп, қажет кезде жазба жариялаймын.
Әрине, әлеуметтік желі жанкүйерлермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Бірақ оның да өз шегі болуы керек. Мен үшін ең маңыздысы – жаттығу процесі. Сондықтан уақытымның басым бөлігін спортқа арнаймын.
– Қазақстандағы спортты цифрландыру деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
– Өз тәжірибеме сүйеніп айтсам, қазіргі жүйеге көңілім толады. Біз жыл бойы оқу-жаттығу жиындарында жүреміз. Өмірімнің шамамен 95 пайызы сол жиындарда өтеді. Қазақстанда ғана емес, шетелде де жиі дайындалып, халықаралық тәжірибе жинақтаймыз.
Қазіргі таңда дайындық жүйелі ұйымдастырылған. Әрине, кез келген саланы дамытуға болады. Бірақ өз спортым тұрғысынан қазіргі жұмысқа оң баға беремін.
– Жеке өмір мен кәсіби спорттың тепе-теңдігін сақтау қиын емес пе?
– Жоқ, маған қиын емес. Себебі жолдасымның өзі де бұрын кәсіби дзюдомен айналысқан. Ол спортшының қандай дайындықтан өтетінін, жарыс алдындағы жауапкершілікті жақсы түсінеді.
Сондықтан әрдайым қолдау көрсетеді. Осындай түсіністік кәсіби спорт пен отбасылық өмірді қатар алып жүруге көп көмектеседі.
– Бүгінде сізге ең үлкен мотивация не береді?
– Қазір мен үшін ең үлкен мотивация – отбасым. Сонымен қатар бұрынғы жетістіктеріммен шектелмей, одан да биік белестерді бағындырғым келеді.
Әр жарыста өзімді бұрынғыдан мықтырақ көрсетуге тырысамын. Спортшы үшін даму ешқашан тоқтамауы керек. Сондықтан күн сайын өзіме жаңа талап қоямын.
– Жақында тұрмыс құрдыңыз. Күзде той болады деген ақпарат бар. Дайындық қалай жүріп жатыр?
– Иә, тойды күзде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бірақ әзірге оған арнайы дайындалып жатқан жоқпыз. Себебі алдымызда өте маңызды жарыстар тұр.
Қазір бар назарымыз Азия ойындарына ауған. Сол жарыстар аяқталғаннан кейін ғана тойға қатысты жоспарларымызға қайта ораламыз.