Қазіргі бессайыстан Георгий Борода-Дудочкин финалға өте алмады

ПАРИЖ. KAZINFORM – Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазіргі бессайыстан қазақстандық спортшы Георгий Борода-Дудочкин жартылай финалдық бәсекеге қатысты. 

Фото: Владислав Семенов/ҰОК

Бұл бәсекеде қазақстандық бессайысшы 1452 ұпай жинады. Жартылай финалда ол 16-орынға жайғасты. 

Финалға шығу үшін бұл жеткіліксіз. Себебі, ақтық сынға алғашқы тоғыз спортшы ғана жолдама алды.

Бірінші жартылай финалда олимпиадалық рекордты орнатып, 1516 ұпай алған египеттік Ахмед Эльгенды көш бастап тұр.

Айта кетейік, кеше 8 тамызда Георгий Борода-Дудочкин ерлер арасындағы жарыста рейтингтік раундта 36 спортшының ішінде 35-орынға тұрақтады. Ол 10 рет жеңсе, 25 мәрте жеңіліп, 175 ұпай жинады.

Айта кетейік, әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде бар.