Қазіргі жүйе сертификатты жалған өндірушілерге беруге жол беріп отыр — Олжас Бектенов

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ KazinformKazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет басшысы Олжас Бектенов тауар өндірушілерге берілетін сертификаттау жүйесін сынға алды.

— Ішкі құн үлесін бағалау әдістемесіне, оның ашықтығына қатысты айтар болсақ, біз дәл осы бағытқа ұмтылып жатырмыз. Бұл мақсатта заң қабылданды. Айтып отырғаныңыздай, ешкім ештеңені құпия ұстауға ниетті емес. Керісінше, бұл тізілімге нақты өндірушілер енуі үшін барынша ашық боламыз. Өкінішке қарай, қазіргі жүйе индустриялық сертификаттар мен CT-KZ сертификаттарын жалған өндірушілерге беруге жол беріп отыр, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП басшысының баяндамасынан кейін.

Сондай-ақ Премьер-министр өкінішке қарай, жалған сертификат беру проблемасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында да кездесіп жатқанын тілге тиек етті.

— Сондықтан, бұл жүйені бірге жетілдіруіміз қажет және сіздер бұл жұмыста міндетті түрде қатысуға тиіссіздер. Бизнеске арналған цифрлық картаға қатысты айтсақ, бизнестің барлық ірі жобаны көріп, оларға алдын ала дайындалып, қатыса алуы толық қолдау табады. Біз сіздердің тәсілдеріңізбен алдын ала таныстық, егер жүйе дайын болса, қарауға әзірміз. Басқа мәселелер бойынша да, негізі, бір бағытта келе жатырмыз, — деп толықтырды О. Бектенов.

Бұған дейін Олжас Бектенов Самұрық-Қазынаның отандық өндірушілерден тауар сатып алу көрсеткішін сынады.