«ҚазСат-2» қазақстандық жер серігінің ресурстары 46 пайызға толықтырылған

None
АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанның «ҚазСат-2» жер серігінің ресурстары 46 пайызға толықтырылды.

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті.

«Байланыс және хабар таратудың ғарыштық жүйесін құру аясында бір жылдан астам бұрын «ҚазСат-2» жер серігі ұшырылған болатын. Жер серігінің ресурсын жалға алу қызметі Қазақстанның 9  телекоммуникациялық компаниясына ұсынылады. Бұл жер серігі ресурсының 46 пайызын құрайды», - дейді Т. Мұсабаев.

Агенттік төрағасының айтуынша, «ҚазСат-3» спутнигін құру бағытында да жұмыстар қолға алынған. Жобалық-техникалық құжаттамалары әзірленіп, Алматы маңында  жер серігін жерден басқару кешені резервінің құрылыс-монтаждау жұмысы аяқталуға жақын. Нысан 2013 жылдың алғашқы жартысында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Агенттік басшысының айтуынша, «ҚазСат-3» кешеніне спутниктік басқаруға ауыстыру қаражатты айтарлықтай үнемдемек.