«KazSat-2» қызметі 2016 жылдан бастап Қазақстанның байланыс операторларымен толық қамтылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «KazSat-2» спутниктік жүйесі 2016 жылдан бастап қазақстандық байланыс операторларының жүктемесімен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Сәрсенов осылай мәлімдеді.

Тоқтала кететін жайт Үкімет сағаты барысында депутат Құттықожа Ыдырысов ұлттық ғарыш аппараты қызмет еткенімен, қазақстандық байланыс операторлары спутниктік сыйымдылықты шетелден жалға алып отырғанын алға тартқан еді. Өз кезегінде депутат сауалына жауап бере келе Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «KazSat» секілді ғарыштық байланыс жүйесі арқылы Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік деңгейі арта түсетінін, бұл ретте байланыс операторлары шетелдік спутниктен қазақстандық спутникке ауысуы тиістігін айтты. Ал «KazSat-3» спутнигі іске қосылғаннан бастап, ұлттық ғарыштық байланыс жүйесі Қазақстанда нарықтың 100 пайыз сұранысын жаба алады. «Алайда, 2014 жылдың мамыр айындағы дерекке сәйкес, ғарыш байланысы қызметтерi нарығындағы «KazSat» ғарыш байланысының үлесi бар-жоғы 38 пайыз шамасында. Байланыс-тарату операторлары шетелдiк сыйымдылықты жалға алуды жалғастырып келеді. Сондықтан да, қаржы шетелге кетіп жатыр», - деген агенттік басшысы мәселенi шешу мақсатында Байланыс және ақпарат агенттiгiне, Үкiметке бiрнеше рет өтiнiш жасағанын алға тартты. Қазір отандық байланыс операторларын бiртiндеп «KazSat-2» және «KazSat-3» ұлттық ғарыш жүйесіне көшiру жұмыстары жүрiп жатқан тәрізді. Ал дәл осы мәселеге қатысты жауап берген Байланыс және ақпарат агенттiгi төрағасының бiрiншi орынбасары Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, бүгінгі таңда отандық операторларды «KazSat-2» сыйымдылығына аудару жоспарының кестесі бекітілген. «Өкінішке қарай, біздегі байланыс операторлары шетелдік спутниктер иелерімен ұзақмерзімді келісімге отырып қойған. Ал ондай келісімшарттарды бұзу оларға айыппұл санкциялары ретінде үлкен шығын әкеледі. Дегенмен, 2016 жылдан бастап байланыс операторларымен «KazSat-2» жер серiгiнiң 100 пайыз жүктемесiн қамтамасыз етеміз. Ал «KazSat-3» жер серiгi қыркүйекте өз нүктесіне орнналасқаннан соң резервтiк ресурс ретінде қолданылады», - деді С. Сәрсенов. Оның сөзіне қарағанда, «KazSat-2» ұлттық жүйесі бәсекеге қабілетті әрі оның бағасы да орнықты. «Өкінішке қарай, біздің отандық байланыс операторлары бұған дейін шетелдіктермен жасалған келісімшарттарын бұза алмай отыр», - деді ол.