«ҚазСат-2» серігі бір айдың ішінде орбитадағы өз орналасу нүктесіне орын тебеді

БАЙҚОҢЫР. 18 шілде. ҚазАқпарат /Сара Қабиқызы/ - 16 шілде күні «Байқоңырдан» ұшырылған «ҚазСат-2» қазақстандық серігі бір айдың ішінде орбитадағы жұмыс нүктесіне жетеді, деп мәлім етті Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталықтың бас директоры Владимир Нестеров.

Естеріңізге сала кетейік, «ҚазСат-2» серігі мен американдық «ОС-2» ғарыш аппараты орнатылған «Протон-М» зымырантасымалдағышы «Байқоңырдан» 16 шілде күні Астана уақыты бойынша сағат 05.16-да ұшырылған болатын. Сапардың 600-ші секундында орбитальды блок зымырантасымалдағыштың үшінші сатысынан штаттық режимде ажырады.

Хруничев атындағы орталықтың баспасөз қызметінен хабарлағандай, «ҚазСат-2» сол күні, 16 шілдеде Астана уақыты бойынша сағат 14.40-та есептік орбитаға шығарылды.

Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың хабарлауынша, орбитадағы қазақстандық байланыс серігімен жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр. Ғарыш аппараты бір айдың ішінде шығыс бойлық бойынша 86,5 градустық өз орбитальдық нүктесіне жетуі тиіс. Одан кейін аппарат жүйесі екі ай бойына сынақтан өткізіледі. Ал 2011 жылдың қазан айында ресейлік мамандар серікті Қазақстанның ғарыш байланысы республикалық орталығының мамандарына тапсырады.