«ҚазСат-2» спутнигі белгіленген мерзімде ұшырылмай қалуы да мүмкін - Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «ҚазСат-2» спутнигі ағымдағы жылдың желтоқсан айында ұшырылады. Алайда оның белгіленген мерзімде ұшырылмауы да мүмкін. Бұл туралы бүгін BNews.kz порталында өткен онлайн-конференция барысында Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, алдын-ала жасалған келісім бойынша ресейліктер бұл жер серігін 2009 жылдың желтоқсан айында ұшыруы қажет болатын. Алайда ресейліктер келісімге өзгеріс енгізіп, тағы бір жыл уақыт беруді сұрады. «Оның өзі ресейліктер үшін аз болып отыр. Осылайша енді «КазСат-2» спутнигі осы жылдың желтоқсан айында ұшырылуы қажет деп отырмыз. Алайда оның белгіленген мерзімінде ұшырылмай қалуы мүмкін деген де күдігіміз бар», - деді агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, спутник уақытында ұшырылмай қалған жағдайда Қазақстан тарапы өзінің талаптарын қойып, айыппұл санкцияларын сала алады. «Басқаша айтқанда біз бұл мәселеге кешенді түрде дайындалдық», деді Т.Мұсабаев.