«KazSat-3» ғарыштық байланыс жүйесін құру жобасы нәтижелерін қабылдау актісіне қол қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 қаңтарда «Қазғарыш» төрағасының орынбасары Е.Шаймағамбетовтың басшылығымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитетінің бұйрығымен құрылған қабылдау комиссиясы Ақкөл қаласындағы ғарыш аппараттарын жерде басқару кешенінде болды.

Қабылдау комиссиясына кешен жұмысы көрсетілді, «Ғарыш байланысының республикалық орталығы» АҚ және академик М.Ф.Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» ААҚ өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Қабылдау комиссиясы «KazSat-3» ғарыштық байланыс жүйесін құру жобасының аяқталуы бойынша нәтижелерді қабылдау туралы актіге қол қойды, деп хабарлады «Қазғарыш» баспасөз қызметінен. «KazSat-3» ҒА штаттық режімде жұмыс істейді. Бірінші болып «KazSat-3» спутнигінің қызметін «Astel» АҚ және «2DayTelecom» ЖШС қазақстандық байланыс операторлары пайдаланды. Осылайша, Мемлекеттік комиссияның шешімімен «Ғарыш байланысының республикалық орталығы» АҚ «KazSat-3» ҒА жерсеріктік ресурсының қызметін коммерциялық тұрғыда жүзеге асыруға кірісті.